Жеңілістің өзі үлкен сабақ – Айдар Шәрібаев чемпиондық белбеуге қол жеткізе алмады

АҚШ-тың Индио қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде өзінің алғашқы чемпиондық белбеуіне таласқан Айдар Шәрібаев америкалық Эндрю Канчиодан жеңіліп қалды. Бұл WBA Inter-Continental тұжырымы бойынша өткен екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінің чемпиондық жекпе-жегі болатын.

Бұған дейін жеңіл салмақ дәрежесінде (135 фунт) айқасып жүрген Шәрібаев бұл жолы салмақ қуып, екінші жартылай жеңіл салмаққа ауысқан болатын. Шамасы осы жағдай әсер еткен секілді. Жерлесімізге жекпе-жек өте ауыр тиді. Оның үстіне, Эндрю Канчио да осал боксшы емес еді. Никарагуалық әйгілі Рене Альварадоның өзін нокаутқа түсірген. Соққысы жойқын, өзі қуатты. Бүгінге дейін шаршы алаңға 23 рет шығып, соның 17-сінде жеңіске жеткен, екеуін тең аяқтаған. 13 қарсыласын нокаутқа түсірген.

Айдар айқасты өте мықты бастады. Қарсыластарын құлатып үйренген жерлесіміз, шамасы, бұл жолы да нокаутпен жеңгісі келген секілді. Алғашқы екі раундта Канчионы қуалаумен болып, сериялық соққыларын аямады. Ал одан кейін аздап шаршағаны сезілді. Үшінші раундта қарсыласының қарымта соққысына түсіп қалды. Алғашқы нокдаун. Шаршы алаңда ешқашан есеңгіреп көрмеген боксшыға бұл нокдаун оңай тимеді. Ары қарай өзіне келуі қиын болды. Төртінші раундта тізгінді қайта қолына алуға тырысқанымен Эндрю да сауатты қорғанып, ашық жер қалдырған жоқ. Ал бесінші раундта екінші нокдаун тіркелді. Жекпе-жекті жалғастыруға жігер тапқан жерлесіміз бұдан кейін қарымта шабуылдарға иек артып жүрді. Алайда, күшінің бәрін салмақ қууға, қалғанын бастапқы раундтарға жіберіп алғандықтан әрбір ұпай Айдарға қиындықпен келіп жатты. Сегізінші раундта екінші демі ашылып, «не бел кетеді, не белбеу кетеді» деген ұранмен алға шапты. Сериялық соққылары да Канчионың қорғанысын бұзып жатты. Ендігі керегі тек нокаут  еді. Дегенмен, бұның алдындағы раундта ауыр соққы алып, көзі ісігендіктен өзі де қорғанысқа көбірек көңіл бөлуге мәжбүр болды. Соңғы раунд қалды. Айдар бар күшін бойына жинап, алға ұмтылды. Бірақ, шабуылдардың бірінде жекпе-жекті тоқтатқан шаршы алаңдағы рефери жерлесіміздің жарақаты ауыр екенін байқап, жеңісті Эндрю Канчиоға берді.

Осылайша, Айдар Шәрібаев кәсіпқой шаршы алаңдағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Бұл оның сегізінші жекпе-жегі еді. Бокс кешін әлемге әйгілі ESPN телеарнасы таратып, қазақстандық жанкүйерлер «Setanta Қазақстан» арқылы тікелей эфирден тамашалады. Өкінішке қарай, WBA Inter-Continental чемпиондық белбеуі бұл жолы Шәрібаевқа бұйырған жоқ. Енді Айдарға жеңілістен сабақ алып, келесі айқастарға үлкен дайындықпен келуі тиіс.

Фото: Supreme boxing

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.