Жақияновтың белбеуін тартып алған Райан Барнетт супер чемпион атанды

Кеше кәсіпқой бокс әлемінде сіз бен біз аса мән бере қоймаған тағы бір ірі жекпе-жек өтті. Жанат Жақияновтың WBA чемпиондық белбеуін тартып алған ағылшын Райан Барнетт Кардиффте өткен бокс кешінде атағын қорғап қана қоймай, суперчемпион атанды.

Кештің басты айқасында қос алып Энтони Джошуа мен жаңа зеландиялық Джозеф Паркер кездескендіктен оның андеркартындағы жекпе-жектер заңды түрде екінші кезекке қалып қойған. Алайда, Барнеттің жұдырықтасуы жайлы айтпай кетуге тағы болмайды. Өткен жылдың қазан айында жерлесіміз Жанат Жақияновтың чемпиондық белбеуін тартып алған ирландиялық боксшы венесуэлалық Йонфрес Парехомен кездесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті. Негізі Барнетт WBA тұжырымының ғана емес, ІВF бойынша да аса жеңіл салмақ дәрежесінің чемпионы болғанымен бәске тек бір белбеуін тікті. Жеңіп жатса, WBA суперчемпионы атанатын. Осылайша, қапталдағы үш реферидің екеуі 120:108 есебін көрсетіп, біреуі 12 раундтың сегізін Барнеттің пайдасына шешіпті. Дегенмен, шыны керек, Белфасттан шыққан боксшыдан соншалықты әдемі бокс көре алған жоқпыз.

Жанат Жақияновты жеңгеннен кейін «төрешілер бұра тартты» деген әңгіменің көп болғаны рас. Тек қазақстандықтар ғана емес, әлемнің әр түкпіріндегі жанкүйерлер де осындай пікірде болды. Оның үстіне, жекпе-жектен кейінгі міндетті допингтік тексерістен өтпегеннен кейін әңгіме тіптен өрше түсті. Сондықтан, сынаушылардың аузына қақпақ болу үшін Райанға қалайда қарсыласын жарқын жеңу маңызды еді. Алайда, Барнеттің венесуэлалыққа қарағанда соншалықты басымдығы байқалмады. Рас, жеңді. Жеңісіне ешкім күмән келтірмейді. Йонфрес Парехо ортанқол боксшы екен, ешқандай да қауқар көрсете алған жоқ. Бірақ, ирландиялықтың да тарапынан суперчемпионға лайық бокс өнерін көре алмадық. Техникалық арсеналы да аздау секілді көрінгені рас. Егер Парехоның орнында Жақиянов болғанда және жекпе-жек Ұлыбритания жерінде емес, бейтарап алаңда өткенде, онда жерлесіміз жеңіске жетуі кәдік еді.

Иә, кейде кәсіпқой бокста да әділетсіздіктің орын алатын кездері болады. Оған қазір таңғалуға да болмайды.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.