Қытайлық боксшы Ломаченконың рекордын бұзбақ

Бірінші аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі қытайлық боксшы Люй Бинь 15 шілде күні WBA чемпиондық белбеуіне таласады. Егер жеңіске жетер болса, онда украиналық Василий Ломаченконың рекордын жаңартады. Себебі…

Алдымен қай рекорд туралы айтып жатқанымызға тоқталайық. Василий Ломаченко кәсіпқой боксқа келе сала екінші айқасында-ақ чемпиондық белбеуге таласқан. Алайда, қол жеткізе алмады. Үшінші ұмтылысында америкалық Гари Расселді ұтып, екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBO белбеуін ұтып алған.

Ал 23 жасар Люй Бинь кәсіпқой бокста бір-ақ кездесу өткізген. Келесі жекпе-жегінде WBA чемпиондық белбеуіне таласады. Егер жеңіп алса, украиналықтың рекордын бұзады.

Әуесқой бокста Азия чемпионатының қола жүлдегері атанғанымен одан басқа ірі жетістіктері жоқ. Былтыр кәсіпқой шаршы алаңдағы алғашқы айқасын өткізіп, 10 раундтық жекпе-жектің 3 раундында тай боксшысы Ванчай Ниангхансаны нокаутпен ұтқан. Сөйтіп, WBC Азия чемпиондық белбеуін жеңіп алды.

Енді екінші кездесуін 15 шілде күні өткізбек. Малайзия астанасы Куала-Лумпурда өтетін бұл кеште оның қарсыласы венесуэлалық Карлос Канисалес болмақ. Өте мықты боксшы. Кәсіпқой бокста 21 жекпе-жек өткізген 25 жасар Triple C соның жиырмасында жеңіске жетіп, біреуінде ғана тең түскен. 16 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Белбеу осы венесуэлалыққа тиесілі. Биыл наурыз айында жеңіп алған. Соны Малайзияға барып қорғамақ.

Айта кетейік, Куала-Лумпурда өтетін кештің басты жекпе-жегінде шаршы алаңға Мэнни Пакьяо мен аргентиналық Лукас Матиссе шығып, жартылай орта салмақ дәрежесіндегі WBA чемпиондық белбеуін сарапқа салады.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.