Қыркүйек айының ТОР-10 жекпе-жегі

Боксшылардың «жазғы каникулы» аяқталып, нағыз айқастардың басталатын уақыты жетті. Қоңыр күз бізді өте тартысты жекпе-жектерімен қуантпақ. Ал қыркүйектің әр аптасы тартысты текетірестерге толы болып тұр. Назарларыңызға алдағы айдағы ең қызықты айқастардың хронологиясын ұсынамыз.

8 қыркүйек, Бруклин (АҚШ)

Дэнни ГАРСИЯ, АҚШ (34-1, 20КО) – Шон ПОРТЕР, АҚШ (28-2-1, 17КО)

Жартылай орта салмақ (66,7 келіге дейін)

Boxrec рейтингінің жартылай орта салмақ дәрежесінде Гарсия 4-ші орында, Портер одан бір саты төмен орналасқан. Қайсысының фаворит екендігін айту қиын. Бірақ айқастың тартысты өтетіндігі сөзсіз. Нью-Йорктегі жекпе-жек кешінің басты айқасында аталмыш боксшылар WBC тұжырымының вакантты чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Екеуі де лайық.

8 қыркүйек, Бирмингем (Англия)

Амир ХАН, Ұлыбритания (32-4, 20КО) – Самуэл ВАРГАС, Колумбия (29-3-2, 14КО)

Жартылай орта салмақ (66,7 келіге дейін)

2016 жылы Сауль Альварестен оңбай ұтылғаннан кейін есін енді жия бастаған Амир Хан осы жылдың сәуірінде канадалық Фил Ло Греконың бірінші раундта нокаутпен оңай жеңген. Алайда, бұл жолғы қарсыласы жоғары сұрыптан. Самуэл Варгас чемпиондық белбеулерге жорта шауып келе жатқан боксшы. Егер осыны жеңсе, онда Амир Хан қайта оралды деген сөз.

8 қыркүйек, Инглвуд (АҚШ)

Хуан Франсиско ЭСТРАДА, Мексика (36-3, 25КО) – Фелипе ОРУКУТА, Мексика (36-4, 30КО)

Екінші аса жеңіл салмақ (52,2 келіге дейін)

Кәсіпқой бокста сонау 2008 жылдан бері жүрген Хуан Франсиско Эстрада өзінің 39 жекпе-жегінде үш-ақ рет жеңіліп қалған екен. Онда да соның екеуінде Роман Гонсалес пен Висаксил Вангектен жеңілген. Соңғы сұхбаттарының бірінде Эстрада әлгі екеуінен де қарымта қайтарғысы келетінін мәлімдеді. Бірақ, оған дейін қыркүейктің 8-інде Фелипе Орукутаны жеңуі қажет. Бұл айқаста ешқандай чемпиондық белбеулер сарапқа салынбаса да, бұл кездесуден кейін Хуан Франсиско қайта Срисакетті реваншқа шақыра алады.

15 қыркүйек, Лас-Вегас (АҚШ)

Сауль АЛЬВАРЕС, Мексика (49-1-2, 34КО) – Геннадий ГОЛОВКИН, Қазақстан (38-0-1, 34КО)

Орта салмақ (72,6 келіге дейін)

Бұл жекпе-жек туралы талай жаздық, әлі де жаза жатармыз. Сондықтан, қазір көсілмей-ақ қоялық. Тек 16 қыркүйек күні таңертең Qazaqstan мен Qazsport телеарналарын қосуды ұмытпаңыздар.

15 қыркүйек, Лас-Вегас (АҚШ)

Роман ГОНСАЛЕС, Никарагуа (46-2, 38КО) – Мойсес ФУЭНТЕС, Мексика (25-5, 14КО)

Екінші аса жеңіл салмақ (52,2 келіге дейін)

Тай боксшысы Висаксил Вангектен екі рет те жеңіліп қалғаннан кейін шаршы алаңға әлі шықпаған Р4Р рейтингтің экс-үздігі Роман Гонсалес өзінің бұрынғы абыройын қайтаруға қайта кіріспек. Қарсыласы мексикалық Мойсес Фуэнтес. Ол да қайтпайды екен. Соңғы айқасын ақпанда өткізіп, жапониялық боксшыдан нокаутпен жеңілгеніне қарамастан бұл жолы «Чоколатитоны» нокаутқа жіберем» деп желпініп отыр. Бізге Роман Гонсалестің жекпе-жекті қалай өткізетіні қызық болып тұр.

Екінші аса жеңіл салмақ (52,2 келіге дейін)

Хайме МУНГУЙЯ, Мексика (30-0, 25КО) – Брэндон КУК, Канада (20-1, 13КО)

Бірінші орта салмақ (69,9 келіге дейін)

Головкин мен Альварестің андекарттағы айқастары да қызық. Роман Гонсалес пен Мойсес Фуэнтестен кейін шаршы алаңға екінші жартылай орта салмақтағы Хайме Мунгуйя мен Брэндон Кук шығады. Хайме қарсы алдындағысының барлығы жайпап келе жатқан жас боксшы. Ал Кукпен өткен жылы Астанада таныстық. Қанат Исламнан нокаутпен жеңілген. Бірақ, есін жылдам жиыпты. Біздің Қанат содан кейін тұралап қалды, ал Брэндон екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жетіп үлгерді. Енді канадалық Мунгуйяға тиесілі WBO чемпиондық белбеуін де шешіп алмақшы

15 қыркүйек, Лас-Вегас (АҚШ)

Давид ЛЕМЬЕ, Канада (39-4, 33КО) – Гари О’САЛЛИВАН, Ирландия (28-2, 20КО)

Орта салмақ (72,6 келіге дейін)

Лас-Вегастағы жекпе-жек кешінің басты андекартында Давид Лемье мен Гари О’Салливан айқасады. Рас, бұл кездесуде ешқандай чемпиондық атақ сарапқа салынбайды. Бірақ, қай жеңгені келесі жекпе-жегінде Альварес немесе Головкинмен жұдырықтасуы мүмкін.

22 қыркүйек, Лондон (Англия)

Энтони ДЖОШУА, Ұлыбритания (21-0, 20КО) – Александр ПОВЕТКИН, Ресей (34-1, 24КО)

Аса ауыр салмақ (91+ келі)

Энтони Джошуаның болашаққа құрған жоспарлары өте көп. Ақшалы айқастар өткізгісі келеді. Бірақ, оның жоспарларына Александр Поветкин кедергі болуы мүмкін. 22 қыркүйек күні «Уэмблиде» өтетін жекпе-жекте британ алыбына тиесілі WBA, WBO, IBO және IBF чемпиондық белбеулері сарапқа салынады. Ал Поветкин Джошуаның Дүниежүзілік бокс қауымдастығы бойынша міндетті қарсыласы.

24 қыркүйек, Нагоя (Жапония)

Косей ТАНАКА, Жапония (11-0, 7КО) – Шо КИМУРА, Жапония (17-1-2, 10КО)

Аса жеңіл салмақ (50,8 келіге дейін)

Біз аса мән бере бермейміз, бірақ өте жеңіл салмақ дәрежелерінің де өз қызықтары жетерлік. Бұрын мексикалықтар еді, қазір бұл салмақтарды жапондар мен тай боксшылары жаулап алған. 24 қыркүйек күні Нагояда Жапонияның қос мықтысы, өз дивизиондарында 2-ші және 5-ші орындарда тұрған Танака мен Кимура екіншісіне тиесілі WBO чемпиондық белбеуін сарапқа салады.

28 қыркүйек, Джида (Сауд Арабиясы)

Джордж ГРОУВС, Ұлыбритания (28-3, 20КО) – Каллум СМИТ, Ұлыбритания) (24-0, 17КО)

Супер орта салмақ (76,2 келіге дейін)

Көптен күткен финал. Дүниежүзілік бокс суперсериясының ырың-жырыңы көп болып кетіп, қыркүйекке қалдырылған шешуші жекпе-жегі. Көпшілігі бұл кездесудің фавориті ретінде Джордж Гроувсты айтып жүр. Оның соққылары да жойқын. Бірақ, Каллум Смит те ешқашан жеңіліп көрмеген боксшы. Бұл айқаста Мұхамед Әли кубогынан бөлек, Гроувсқа тиесілі WBA чемпиондық белбеуі де сарапқа салынады.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.