Василий Ломаченко чемпиондық атағынан бас тартты

Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBO чемпионы және жеңіл салмақтағы WBA чемпиондық белбеуінің иегері украиналық боксшы Василий Ломаченко чемпиондық атағынан бас тартты.

Естеріңізге сала кетейік, мамырдың 12-сі күні Нью-Йоркте өткен кәсіпқой бокс кешінде венесуэлалық Хорхе Линаресті нокаутпен жеңген Ломаченко жеңіл салмақтағы WBA чемпионы атанған болатын. Ал оның алдында екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде екі жылдан астам жұдырықтасып, 2016 жылы жеңіп алған WBO чемпиондық белбеуін төрт рет қорғады. Осылайша екі салмақ дәрежесінде де чемпион болып тұр. Алайда, кәсіпқой бокстың ережесіне сәйкес, боксшы қатарынан екі салмақта да жұдырықтаса алмайды. Біреуін таңдауы тиіс. Сондықтан, украиналыққа екі чемпиондықтың біреуінен бас тартуға тура келді. Дүниежүзілік бокс ұйымының ресми сайты таратқан мәліметке сүйенсек, «Хай-Тек» WBO белбеуінен бас тартыпты. Тіпті, «Top Rank promotions» вице-президенті Карл Мореттидің WBO президенті Франциско «Пако» Валкарсельге жазған хатын да көпшілікке ұсынып қойған.

– Құрметті, Пако! Жағдайың жақсы деп үміттенемін. Саған Василий Ломаченконың атынан хат жазып отырмын. Өзің білетіндей, 12 мамыр күні Василий жеңіл салмақта Хорхе Линаресті жеңіп, WBA чемпионы атанған. Енді Ломаченко карьерасын осы салмақта жалғастырғысы келеді. Ал WBO титулына құрметпен қарағандықтан біз бұл белбеуді өзімізде сақтап жүруді жөн көрмедік. Одан да екінші жеңіл салмақтағы басқа мықты боксшылар өзара сарапқа салсын. Саған және WBO-ға алғысымыз шексіз. Ломаченконың карьерасы осы белбеумен басталғанын да мақтан тұтамыз. Сондай-ақ, болашақта Василий бәрібір осы белбеуді жеңіп алады деп үміттенеміз. Бірақ жеңіл салмақта, – деп жазыпты Моретти.

Айтпақшы, Ломаченконың келесі жекпе-жегінің уақыты да белгілі. Украиналық шаршы алаңға 25 тамызда шығады деп жоспарланған. Әзірге қарсыласы анықталған жоқ.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.