Усик VS Белью – Екі алыптың «крузервейттегі» соңғы айқасы немен аяқталады?

Кеше кешкісін украиналық боксшы Олександр Усик кәсіпқой бокстағы 16-шы айқасын өткізу үшін Ұлыбританияның Манчестеріне жетті. Қарашаның 10-ы күні осы қалада ауыр салмақтың абсолютті чемпионы Тони Бельюмен төбелеседі. Бұл екі боксшының да «крузервейттегі» соңғы жекпе-жегі болуы мүмкін. Ендеше 91 келінің лимитіне әзер сиып жүрген алыптардың осы салмақтағы соңғы айқасы немен аяқталмақ?

Дүниежүзілік бокс супер сериясына қатысып, 91 келінің абсолютті чемпионы атанған Олександр Усик осы жекпе-жектің айқын фавориті саналады. Украиналық қазір нағыз бабында. Өзі өте жылдам. Шегініп жүріп-ақ қарсыласының әлсіз тұсын таба біледі. Оныншы раундқа дейін қолды-аяққа тұрмай, шаршы алаңды айнала қозғалатын Усик қарсыласын шаршатып алады да, содан кейін ғана «соғымға» кіріседі. Латвиялық Майрис Бриедисті де солай жеңді, ресейлік Мурат Гассиевті де солай ұтты. Осы айдың соңында 36-ға толатын Тони Бельюға қарсы да осындай тактика қолданатын шығар. Алайда, британиялық «Бомбердің» де жеңісіне сенетіндер жеткілікті. Рас, көпшілігі британиялықтар. Мәселен, бүгінде Англияның телеарналарының бірінде сарапшылық етіп жүрген экс-чемпион Карл Фроч «Сіздер Тонидің әлеуетін төмендетіп жүрген секілдісіздер. Егер ол жекпе-жектің алғашқы бөлігінде өзінің күшін ақылмен жұмсай білсе, онда айқастың екінші жартысында қарсыласының әлсіз тұсын таба алады. Мен одан апсет күтемін», – деп отандасына қолдау білдірді.

Сондай-ақ, аса ауыр салмақтағы ағылшын боксшысы Энтони Джошуа да Бельюдің жеңісіне сенім білдірді. «Тонидің жеңісін тілеймін. Оның соққысы жойқын. Қарымта шабуылдарды жақсы ұйымдастыра алады. Әлбетте, бұл жекпе-жектің фавориті – Усик. Бірақ, алыптар айқасында бәрін де бір ғана соққы шешіп жіберуі мүмкін», – деді абсолютті салмақтағы WBA, WBO, IBF және ІВО чемпионы.

Сонымен, жекпе-жек 10 қарашада өтеді. Екі боксшының да кезінде аса ауыр салмақта жұдырықтасқанын ескерсек, Усик жеңген жағдайда бұл айқас осы боксшылардың 91 келідегі соңғы төбелестері болатын секілді. Одан кейін екеуі де абсолютті салмаққа ауысуы әбден мүмкін.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.