Уайт әлі Уайлдердің де, Джошуаның жүйкесін жұқартады

Лондонда өткен кәсіпқой бокс кешінде аса ауыр салмақтағы боксшылар Диллиан Уайт пен Джозеф Паркер кездесіп, британиялық алып WBC Silver мен WBO International чемпиондық белбеулерін жеңіп алды.

Диллиан туралы бір-екі ауыз айта кетейікші. Кешегі жекпе-жегінен кейін риза болып отырмыз. Ямайкада туып-өскен Диллиан 12 жасында әке-шешесімен бірге Ұлыбританияға көшіп кеткен екен. 13 жасында-ақ әке атанған. Қазір үш баласы бар. Ал бокспен Лондонда айналыса бастаған. Бірақ, алғашында кик-боксингті серік етіп, бірнеше рет Еуропаның чемпионы болған. Кейін әуесқой боксқа ауысқанымен көп тұрақтаған жоқ. Жеті-ақ жекпе-жек өткізді. Дегенмен, дебютті кездесуінде Энтони Джошуаның өзін жеңіп, нокдаунға түсірген.

Қазір кәсіпқой бокста. 2011 жылдан бері. Кеше Паркерге қарсы 25-ші жекпе-жегін өткізді. 24-ші жеңісіне қол жеткізді. Соның 17-сінде қарсыласын нокаутқа түсірген. Тек бір рет жеңіліп қалған. Онда тәжірибесі аз болып, 2015 жылы Джошуадан 7-ші раундта нокаутпен ұтылған.

Бүгінде Уайт шаршы алаңға шыққанда күллі көрермен теледидар алдына телміреді. Басын соққыдан алып қашпайтын, өзі де алға атойлап шаба беретін боксшылардың қатарынан. 2016 жылы Дерек Чисорамен болған айқасы «Жыл жекпе-жегі» болып танылған.

Ал кеше Джозеф Паркер екеуі көрерменге керемет бокс сыйлады. Уайт қарсыласын 2-ші және 8-ші раундта ногдаунға түсіргенімен өзі де соңғы раундта тізеге отырып қалды. Нәтижесінде 113-111, 115-110, 114-111 есебімен Диллиан Уайт жеңіске жетті.

– 12 раунд бойы жекпе-жек тізгінін өз қолымда ұстап, соңғы раундта тепе-теңдікті жоғалтып алғаным өкінішті. Бірақ, мұның барлығы тәжірибе арқылы келетін нәрселер. Кез келгеніңмен айқасуға дайынмын, – деді Диллиан Уайт.

Неде болса, кешегі кездесуден кейін Диллиан Уайтқа деген сұраныстың артқаны анық. Тіпті, промоутер Эдди Хирннің өзі «егер Деонтей Уайлдер біздің талабымызға көнбесе, біз Диллианға ұсыныс тастаймыз», – деп отыр. Тіпті, Уайттың промоутері екенін ескеріп, Диллиан мен Уайлдер арасындағы айқасты Америкада өткізуге де дайын екендігін жеткізді.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.