Уайлдер – Фьюри жекпе-жегіне 8 мың билет сатылды. Аз ба, көп пе?

Желтоқсанның 1-і күні Лос-Анджелесте өтетін америкалық Деонтей Уайлдер (40-0, 39КО) мен британиялық Тайсон Фьюридің (27-0, 19КО) жекпе-жегіне бар болғаны 8 мың билет сатылды. Кассада әлі иесін таппаған 11 мың билет жатыр.

Әлбетте, жекпе-жекке дейін әлі үш апта бар. Бірақ, екі боксшының да өте мықты және әлі күнге жеңілістің кермек дәмін татып көрмегенін, төбелестен бөлек, шоу да көрсете алатынын ескерсек, 8 мың билетің аз секілді. Бұл туралы аталмыш боксшылардың басты бәсекелесі Энтони Джошуаның промоутері Эдди Хирн былай дейді:

– Жекпе-жекке үш-ақ апта қалды. Ал сатылған билеттер саны небәрі 8 мың. Халықтың бұл шоуға деген қызығушылығы осындай. Жоғарғы ярустарды айтпағанда, олар әлі төменгі секторлардағы орындарды да сатып бітпеген. Ақылы трансляция сатылымын да көру керек. Егер Уайлдер мен Фьюри 1 млн. PPV сата алса, демек оларды жұлдыздардың қатарына жатқызуға болады, – деді BoxingScene.com сайтына сұхбат берген Эдди Хирн.

Әлбетте, британиялық промоутердің Джошуа – Поветкин кездесуін меңзеп тұрғанын түсіну қиын емес. 22 қыркүйек күні Лондонның Уэмбли стадионында өткен британиялық пен Поветкин жекпе-жегіне бір ай бұрын-ақ 80 мың билет сатылып кеткен болатын. Ал жекпе-жекті стадионнан 90 мыңға жуық көрермен тамашалады. Айта кетейік, Джошуа мен Поветкин арасындағы айқастың билеттері 40 фунт пен 2000 фунт аралығында тұрды. Яғни 51,91 доллар мен 2 595 доллар аралығы. Ал Уайлдер мен Фьюри шоуына билеттердің ең арзанын 77 долларға сатып алуға болады. Ең қымбат билет – 1 553 $.

Былай қарасаң, АҚШ көрермендері үшін қолжетімді баға. Оның үстіне, бұған дейін Фьюри Англиядағы әр жекпе-жегінде 75 мың көрерменнен жинайтын. Уайлдер де жанкүйерлерге кенде емес. 3 наурызда өткен кубалық Луис Ортиске қарсы кездесуінде Бруклиннің Barclays Center аренасы көрерменге лық толған. Ал Уайлдер мен Фьюри кездесуіне неге билеттер сатылмай отырғаны, расымен де таңғалдырады. Әйтпесе, бәрі де жаман басталмаған еді. Билеттер сатылымға шыққан бірінші күні-ақ ұйымдастырушылар миллион доллар табыс тапқандары туралы мақтана мәлімдеген. Алайда, айқасқа үш апта қалды, Лос-Анджелестің 19 мың көрермен сидыра алатын Staples Center аренасында әлі 11 мың орын бос.

Ең бастысы, жекпе-жек көрерменсіз өтпесе екен.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.