Уәлиханов пен Харрис салмақ өлшеу рәсімін өткізді

Ертең Голливудта өтетін кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық Асқат Уәлиханов пен америкалық Даррел Харрис жекпе-жек өткізеді. Бүгін боксшылар салмақ өлшеу рәсімін өткізді.

Екі боксшы да бірінші жартылай орта салмақтың лимитін көрсетті. Жекпе-жек төрт раундқа созылады.

Естеріңізге сала кетейік, жерлесіміз соңғы рет шаршы алаңға өткен жылдың сәуір айында шыққан. Содан бері енді ғана төбелеспек. Жалпы, кәсіпқой бокста үш айқас өткізген Асқат соның екеуін ұтып, біреуінде қарсыласына гонгтан кейін жұдырық сілтеп қойғаны үшін дисквалификацияға ұшыраған.

Ал Дарел Харрис үшін бұл шаршы алаңдағы бесінші айқас. Алғаш рет кәсіпқой бокстың былғары қолғабын сонау 2010 жылдың желтоқсанында киген екен. Қарсыласын нокаутпен ұтқан. Араға екі ай салып, тағы да шаршы алаңға көтерілген Дарел ол жолы тең түскен. Дегенмен, содан кейін жеті жылдан астам уақыт шаршы алаңға шықпаған. Биыл мамырда ғана үлкен боксқа қайта оралды. Бірақ, сәтсіз жұдырықтасып, қатарынан екі жекпе-жекте жеңіліп қалды.

Голливудта өтетін кәсіпқой бокс кешінде Асқаттан бөлек, әйгілі боксшылардан шаршы алаңға өзбектер Шахром Гиясов пен Муроджон Ахмадалиев, украиналық Дмитро Митрофанов және Джесси Мартинес, Исраел Меркадо, Сальвадор Перес сынды боксшылар шығады.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.