«Темір бас» Тиноко немесе Айдар Шәрібаевтың чемпиондық белбеуден бақталасы туралы не білеміз?

Сәуірдің 6-сы күні жерлесіміз Айдар Шәрібаев кәсіпқой бокстағы алғашқы чемпиондық айқасын өткізіп, екінші жартылай жеңіл салмақта WBA Inter-Continental белбеуіне таласады. Қарсыласы – мексикалық Энрике Тиноко. Шаршы алаңда 25 жекпе-жек өткізген тихуаналық «темірбас» туралы не білеміз?

«Темірбас» деп Тинокоға ат қойған өзіміз. Әйтпесе, Мексикада оны Еl torito деп айтады. Біздіңше «бұқа», «өгіз» деген мағынаны білдіреді. Шамасы, карьерасының бастапқы кезеңдерінен қалған лақап есім болса керек. Кәсіпқой боксқа 2010 жылы 20 жасында келген Энрике Тиноко алғашқы үш жекпе-жегінде қарсыласын нокаутпен ұтқан. Расымен де, шегінуді білмейтін, үнемі алға атойлап шабуылдай беретін боксшылардың қатарынан. Жалпы, мексикалықтардың барлығы сондай ғой. Дегенмен, Тиноконың жұдырықтасу мәнері өзгешелеу. Қарсыласына өте ыңғайсыз. Бұқалар сияқты жүгіре береді.

– Мен оның жекпе-жектерін қарап шықтым. Кәдімгі мексикалық стильді ұстанатын боксшылардың қатарынан. Сырттай қарағанда боксты енді ғана үйреніп жүрген әуесқой секілді көрінетіні рас. Өйткені, шаршы алаңдағы қимылы, жұдырық сілтесі, тағы басқасы ебедейсіз сияқты. Алайда, бұлай ойласаңыз, қатты қателесесіз. Мексикалықтардың ерекшелігі осында. Көзіңді алдайды, – деді алдағы қарсыласын бүге-шігесіне дейін зерттеп тастаған Айдар Шәрібаев.

Тиноконың ебедейсіз жұдырықтасу мәнері расымен де талай промоутердің көзін алдаған. Үш боксшы осылайша опық жеген. Яғни, Энрикемен кездескенше олар жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген болатын. Осылайша Еl torito үш боксшының карьерасын бұзған. Дегенмен, соңғы кездері Тиноконың кәсіпқой бокстағы жолы болмай жүр. 2015 жылдың қараша айынан бастап алты айқас өткізген мексикалық боксшы соның үшеуінде жеңіліске ұшырап, екеуінде тең түсіп, тек біреуінде қарсыласын жеңе алған. Ал биылдыққа Тиноко екінші рет шаршы алаңға шығайын деп тұр. Бұған дейін ақпанның 24-інде америкалық Педро Дюранмен айқасып, 8 раундтың қорытындысы бойынша тең түскен.

Ал енді неліктен «Темір бас» деп атауымыздың себебін түсіндірейік. Кәсіпқой бокста 25 жекпе-жек өткізіп, оның төртеуінде тең түсіп, бесеуінде жеңіліп қалғанымен Энрике Тиноко бір-ақ рет нокаутқа түскен екен. Онда да сол жекпе-жекте өзінен салмағы біршама ауыр боксшымен жұдырықтасқан. Әйтпесе, құлауы қиын боксшы. Құдды бір, басы темір секілді. Қанша ұрсаң да былқ етпейді. Керісінше, басын бір шайқап алып алға атойлай береді. Байқамасаң, өзің де қолыңды ауыртып алуың мүмкін. Алайда, әуесқой бокста талай қарсыластың басын тексерген, кәсіпқой бокста жеті жекпе-жегінің алтауын нокаутпен аяқтаған Айдардың соққыларына шыдас бере алар ма екен? Оны 6 сәуірде көреміз.

Ал әзірге Шәрібаевтан екі жас кіші (27 жас) екендігін, бірақ бойларының шамаластығын (170 см) айтсақ жеткілікті болар.

– Маған мұндай боксшылармен жұдырықтасқан ұнайды. Тәжірибемді арттырып, шеберлігімді шыңдау үшін Тиноко сияқты қарсыластарға қарсы шаршы алаңға шығып тұрған дұрыс. Жаттығу жиындарында үйренген техникалық арсеналымның қаншалықты артқанын тексеріп көруге жақсы мүмкіндік, – деп қорытындылады біздің Энрике Тиноко жайлы мақаламызды Айдар Шәрібаевтың өзі.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.