Тайсон Фьюри жыл соңында Уайлдермен айқаспақ

2018 жылдың соңында аса ауыр салмақ дәрежесіндегі экс-чемпион Тайсон Фьюри мен WBC белбеуі Деонтей Уайлдердің чемпиондық жекпе-жегі өтуі мүмкін.

Өзін-өзі жарнамалау ма, әлде жанкүйерлермен виртуалды түрде пікірлескен ұнап қалды ма, әйтеуір соңғы кездері Тайсон Фьюри әлеуметтік желілерге жиі шығып жүр. Бұл жолы «туиттердегі» жеке парақшасында Деонтей Уайлдерге қатысты бейнежазба қалдырды.

– Иә, Деонтей Уайлдермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ортақ мәмілеге келуге аз қалдық. Дегенмен, алдымен Франческо Пианетеге қарсы дайындалуым керек. Ол маған лайықты қарсылас болып, Деонтейге қарсы жақсылап дайындап беруі тиіс. Алдымен Пианетені нокаутқа түсіремін де, сосын Уайлдерді құлатамын. Уайлдер, бір билеп жіберейік. Бұған дейін сен сөзінде тұрмайтын Эдди Хирн және Энтони Джошуа сияқтылардың арбауында болдың. Ал мен сертіме берік адаммын. Төбелесем дедім бе, демек, уәдемде тұрам. Жақсылап жаттық. Келісімшартқа қол қояйық. Келесі аптада Франческо Пианетоны нокаутқа түсіремін де, сосын сені де өшіремін, – деді Тайсон Фьюри.

Жалпы, Тайсон Фьюри мен Деонтей Уайлдердің жекпе-жегін өте қызықты болады деп жүргендер көп. Екеуі де шоумен. Жұдырықтасқаннан гөрі шаршы алаңда көрермендермен байланыста болғанды ұнатады. Билеп жүріп төбелесетін алыптар. Тіпті, баспасөз мәслихаттарының өзі қызықты өтетіні анық. Егер қос боксшы расымен де келісімге келе алса, онда бізді ғажап айқас күтетін болады.

Ал оған дейін Фьюри расымен де 18 тамызда неміс Франческо Пианетаның мәселесін шешуі тиіс. Бұл жекпе-жек Ұлыбританияның Белфаст қаласында өтеді.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.