Стивенсон – Гвоздик. Чемпион жеңілді, қош келдің, жаңа патша!

Канаданың Квебек сити қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде шаршы алаңға шыққан украиналық Олександр Гвоздик 41 жасар «Супермен» Адонис Стивенсонды нокаутқа түсіріп, бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі WBC чемпионы атанды.

Адонис Стивенсон. 2013 жылдың маусымында чемпиондық атақты жеңіп алған канадалық «қара дәу» белбеуін бес жыл бойы сары майдай сақтап келді. Ешкімді жанына жақындатқан жоқ. Бір-ақ рет «міндетті қарсыласпен» жұдырықтасқаны болмаса, қалған кездесулерінің барлығында өзіне ыңғайлы боксшы іздеді. Сыртқа шықпайтын. Потенциалды қарсыластарының барлығын өз жеріне шақыратын. Олександр Гвоздик те өз кезегін ұзақ күтті. Аса қауіпті боксшылардың қатарына жатқызбады-ау, әлде Дүниежүзілік бокс кеңесі де қысып жіберді ме екен, әйтеуір, «Супермен» украиналықпен кездесуге келісті. Шаршы алаңға соңғы рет чемпион ретінде шығып тұрғанын сол кезде канадалық боксшы сезді ме екен?..

Жекпе-жекті Стивенсон өте ширақ және қарқынды бастады. Гвоздик те қорқақтап жүрген секілді көрінді, әлде чемпионға деген құрметі қатты болды ма, көбіне шегінумен жүрді. Тек үшінші раундтан бастап қана Олександр өз күшіне сене бастады. Раунд басталысымен-ақ канадалықты бір құлатып алды. Алайда, аяғынан тайып кетті деген желеумен рефери есеп ашқан жоқ. Есесіне Гвоздик күшіне міне бастады. Адонистің әлсіз жерін байқап қойған тәрізді, әр соққысын жетесіне жеткізіп отырды. Бірақ, «Суперменді» өз жерінде ұпай санымен ұта алмасы белгілі еді. Оны Олександр да жақсы түсінді. Оның үстіне, 10-шы раундты канадалық боксшы қарқынды өткізіп, жеңіске бір қадам жақын қалған. Сондықтан, 11-ші раундта «украиналық шеге» ва-банкке барып, әр соққысына балғамен шеге қаққандай күш салып ұра бастады. Шашына ақ түсуге жақын қалған Стивенсонның да шаршағаны белгілі, уақыт өткен сайын төтеп беруі қиындап кетті. Ал раундтың аяқталуына 15 секундтай қалғанда «Суперменді» сұлқ құлатты. Нокаут.

Чемпион жеңілді, қош келдің, жаңа патша! Ал, Стивенсонның осы жекпе-жектен кейін ауыр халде ауруханаға түсіп қалғанын естідік. Денсаулығына шипа берсін!

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.