Сондерс пен Андраде ақыры айқасатын болды

Орта салмақтағы WBO белбеуінің иегері ұлыбританиялық Билли Джо Сондерс чемпиондық атағын америкалық Деметриус Андрадеге қарсы айқаста қорғауы қажет. Боксшылардың промоутерлері ақыры өзара келісімге келді.

Дүниежүізілік бокс ұйымы Билли Джо Сондерске америкалық Деметриус Андрадені бекітіп бергеннен кейін қос тараптың біраз қобалжығаны рас. Өйткені, бірінің промоутері Фрэнк Уоррен, екіншісінің тірлігін Эдди Хирн жүргізіп жүр. Екеуі Еуропадағы ең беделді және өзара бәсекелес промоутерлер. Сондықтан, жекпе-жек жайлы бір шешімге келулері қиын болғаны рас. Осыған байланысты Дүниежүзілік бокс ұйымы айқасты промоутерлік саудаға салып, ақыр соңында Эдди Хирн жеңіп шықты.

Ал жекпе-жек қазанның 6-сы немесе 25-і күні АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді деп күтілуде. Естеріңізге сала кетейік, Сондерс соңғы жекпе-жегін өткен жылдың 16 желтоқсанында өткізіп, канадалық Давид Лемьені ұтқан. Содан бері шаршы алаңға шыққан емес. Негізі, чемпиондық атағын маусым айында британиялық Мартин Мюррейге қарсы айқаста қорғауы тиіс болатын. Алайда, жаттығу кезінде жарақат алып қалып, бұл жекпе-жектен бас тартқан. Жалпы, кәсіпқой бокста 26 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. Соның 12-сінде қарсыласын нокаутпен жеңді.

Өз кезегінде Деметриус Андраде де соңғы рет былтыр қазан айында төбелесіпті. 30 жасар боксшы осы кезге дейін жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген. Барлығы 25 жекпе-жегінің 16-сында қарсыласын мерзімінен бұрын ұтқан. Былтырға дейін екінші жартылай орта салмақ дәрежесінде жұдырықтасып, осы салмақта WBO чемпионы болған.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.