Шон Портердің келесі қарсыласы кім болуы мүмкін?

Жексенбі күні Бруклинде өткен жекпе-жек кешінде Дэнни Гарсияны жеңіп, жартылай орта салмақ дәрежесінде WBC чемпиондық белбеуін иеленген Шон Портер келесі кездесуін кімге қарсы өткізуі мүмкін?

Шон Портердің амбициясы әмбеге аян. Жартылай орта салмақ дәрежесіндегі өзге чемпиондар секілді ол да барлық белбеулерді біріктіргісі келеді. Ал өзге тұжырымдарға келер болсақ, дәл осы салмақта WBA суперчемпионы Кит Турман, WBA тұрақты чемпионы Мэнни Пакьяо, WBO чемпионы Теренс Кроуфорд және ІВҒ чемпионы Эррол Спенс. Міне, Шон Портер бірінші кезекте осылардың арасынан қарсылас іздейтіні белгілі. Енді осылардың қайсысы Портерге қарсылас болуы мүмкін?

Кит Турман? Жоқ, ол әлі өзінің жарақатын әлі емдеп болған жоқ. Жаттығуға да кіріспеді. Шаршы алаңға қашан оралатыны да белгісіз. Өзінің сұхбатында Турман «мен жарақатымды емдеп болған соң алдымен рейтингтік кездесу өткізгім келеді. Сосын мықты біреумен кездесуді қалаймын. Содан кейін ғана чемпиондық айқасқа дайын боламын. Бәлкім, қарсыласым Эррол Спенс болады», – деген болатын. Ендеше бұл боксшыны потенциалды қарсыластар тізімінен сызып тастай беруге болады.

Мэнни Пакьяо? Филиппиндік боксшы карьерасын келесі жылы аяқтайтынын, осы аралықта үш жекпе-жек өткізетінін мәлімдеген. Бірақ, сол үш қарсыластың бірі Шон Портер болмайды-ау. Өйткені, Шон Портер чемпион болғанымен, шыны керек, аудитория тарта алатындардың қатарынан емес. Ал чемпиондық белбеулердің деңгейінен әлдеқашан өсіп кеткен Мэнни Пакьяо үшін дәл қазір бірінші кезекте ақша маңызды. Сондықтан, «Пакмен» өзіне қарсылас ретінде Амир Хан, Келл Брук, Эррол Спенс, Майки Гарсия, Василий Ломаченко сынды саңлақтарды қарастыратыны анық. Оның үстіне, Шон Портер «Шоутайм» телеарнасында жұдырықтасса, Мэнни Пакьяо соңғы айқастарын ESPN аясында өткізіп жүр. Мұндай жекпе-жектерде мұндай жайттар да өте маңызды.

Теренс Кроуфорд? Оның да жағдайы Пакьяоға ұқсас. Яғни, Кроуфорд «Шоутаймның» басты бәсекелесі НВО телеарнасымен серіктес. Сондай-ақ, жақында ғана ESPN телеарнасымен келісімшартқа отырған Сондықтан, бұл жекпе-жек жақын арада өтеді дегенге сену қиын.

Эррол Спенс? Өте мүмкін. Биыл желтоқсанда жеңіл салмақтағы WBC және ІВҒ чемпионы Майки Гарсиямен кездескісі келетінін мәлімдегенімен Эррол Спенс жексенбі күні Бруклинде өткен жекпе-жек кешінде қонақ болып, Шон Портер мен Дэнни Гарсия айқасын тамашалады. Ал төбелестен кейін Шон Портерді жекпе-жекке шақырды. Әлбетте, Эррол мен Майки биыл желтоқсанда өзара жекпе-жек өткізуі әбден мүмкін. Бірақ, содан кейін Шон Портердің де белбеуіне көз қырын салуы ғажап емес. Бұл айқас келесі жылдың көктемінде өтіп жатса, таңғалмаймыз. Оның үстіне, екеуі де «Шоутаймда» жұдырықтасады және промоутерлері де бір, яғни Эл Хэймон.

Сондай-ақ, Шон Портер келесі айқасында WBC рейтингіндегі басқа жігіттермен де кездесіп қалуы мүмкін. Нақты айтсақ, Дүниежүзілік бокс кеңесінің ережесі бойынша, вакантты титулға ие болған боксшы бірден ізін суытпай екі міндетті жекпе-жек өткізуі мүмкін. Дегенмен, бұл жолы WBC Шон Портерге аса қатты талап қоя қоймас. Өйткені, рейтингте Джесси Варгастан басқа ауыз толтырып айтарлықтай боксшы да жоқ.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.