Шүменовтің кешінде шаршы алаңға кімдер шығады?

Шілденің 7-сі күні елордамыздың «Барыс Арена» спорт кешенінде еліміздің 2018 жылдағы басты жекпе-жек кеші өтеді. Бейбіт Шүменов WBA тұжырымы бойынша ауыр салмақтың чемпиондық атағына таласса, тағы бес боксшы рейтингтік кездесулерін өткізбек.

Иә, екі жылдық үзілістен соң шаршы алаңға қайта оралуды көздеген Бейбіт Шүменов (17-2, 11КО) бірден чемпиондық белбеуге таласпақ. Ауыр салмақ бойынша, WBA чемпиондық атағына таласпақ. Қарсыласы осал емес. Түрік Хизни Алтункай. Шаршы алаңға 31 рет көтеріліп, тек бір рет жеңіліпті. Польшаның Гданск қаласында өткен жекпе-жекте жергілікті Криштоф Гловацкиден нокаутпен ұтылыпты. 30 жасар түрік қалған 30 кездесудің барлығында жеңіске жеткен. 17 рет нокаутпен ұтқан.

Шүменов пен Алтункайдан бөлек, тағы бес айқас өтеді деп жоспарлануда. Шаршы алаңға жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген, алты айқастың алтауында да жеңіске жетіп, бесеуінде қарсыласын құлатқан екінші жартылай орта салмақтағы Бобыржан Момынов көтеріліп, грузиялық Гиорги Миладземен (7-6, 2КО) жұдырықтасады.

Суперорта салмақтағы Арман Рысбектің де қарсыласы грузиялық боксшы. Жекпе-жек 6 раундқа жоспарланған. Сандро Терашвили бес кездесуінің біреуінде ұтылып, қалған төртеуін өз пайдасына шешкен.  Бір қызығы, Қап тауының өкілі бұған Арманмен айқасу үшін бірден екі салмақ дәрежесіне көтерілмек. Ал Арман үшін бұл кәсіпқой бокстағы төртінші текетірес болмақ. Бұған дейінгі үшеуінде жеңіске жетіп, екеуінде қарсыласын құлатқан екен.

Сондай-ақ, шаршы алаңға тағы үш отандасымыз шығады. Олар: орта салмақтағы Айдос Ербосынұлы, әнші Ибрагим Ескендір және 35 жасқа толып, дебютті кездесуін өткізуге ниет етіп отырған Міржан Рахымжанов. Әзірге бұл үшеуінің қарсыластары әлі анықталған жоқ.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.