Пакьяоға қажет ТОП-3 қарсылас

Сегіз салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған кәсіпқой бокстың тірі аңызы Мэнни Пакьяо енді үш жекпе-жек өткізіп, содан кейін былғары қолғабын шегеге ілмек. Бұл туралы боксшының промоутері Боб Арум мәлімдеді. Ендеше «ПакМэнге» соңғы үш қарсыласты таңдап берсек.

Мэнни Пакьяо кәсіпқой шаршы алаңда 69 жекпе-жек өткізіп, соның 60-ында жеңіске жеткен. Жеті боксшыдан ұтылып, екеуінде тең түскен. Бүгінде жартылай орта салмақ дәрежесінде WBO чемпиондық белбеуінің иегері.

– Ол биыл бір рет шаршы алаңға шыққысы келеді. Ал келесі жылы екі жекпе-жек өткізеді де, кәсіпқой бокспен қоштасады, – деді Боб Арум.

Пакьяоның алдағы қарсыластары әзірге белгісіз. Әртүрлі боксшылар айтылып жүр. Біз де өз нұсқамызды ұсынайық. Ендеше «ПакМэн» үшін арнаған ТОП-3 қарсыласты қабыл алыңыздар.

Қарсылас №1

Амир ХАН, Ұлыбритания (32-4, 20КО)

Мэнни Пакьяо мен Амир Ханның потенциалды жекпе-жегі баяғыдан бері айтылып жүр. Былтыр, тіпті, «ПакМэн» әлеуметтік желідегі ресми парақшасы арқылы жанкүйерлеріне өзіне қарсылас таңдауды ұсынған. Сонда Амир Хан өзінің отандасы Келл Брукты басым дауыспен жеңіп шыққан. Кейін екеуі 2017 жылдың 23 сәуірінде жұдырықтасады деген әңгіме шықты. Алайда, Хан жарақатына байланысты екі жыл шаршы алаңға шықпай, биыл ғана былғары қолғабын қайта киді. Енді Пакьяомен төбелескісі келетінін қайта айтып жүр. Өзі қыркүйектің 9-ында Самуэл Варгаспен жұдырықтасады. Бәлкім, сол кездесуден кейін Мэннимен жекпе-жек өткізер.

Қарсылас №2

Майки ГАРСИЯ, АҚШ (39-0, 30КО)

Майки ешқашан жеңіліп көрмеген боксшы. Дегенмен, сарапшылар Гарсияның кәсіпқой бокста әлі күнге мықты қарсыласпен кездесіп көрмегенін айтады. Кездескен де шығар, бірақ ол кезде қарсыластары жасы келіп, шау тарта бастаған кез еді. Рас, Пакьяо да қазір «тепсе темір үзетін, ұрса ағаш жаратын» жас жігіт емес. Соңғы жекпе-жектерін өткізіп жүр. Алайда, филиппиндік блоксшының Гарсияға шамасы жетуі тиіс. Ал қаржы жағынан бұл айқас екеуіне де жақсы табыс әкелері сөзсіз.

Қарсылас №3

Василий ЛОМАЧЕНКО, Украина (11-1, 9КО)

Кәсіпқой карьерасындағы соңғы жекпе-жегіне Мэнни Пакьяо украиналық Василий Ломаченконы таңдаса дейміз. Рас, «ХайТектің» салмағы әлдеқайда төмендеу. Дегенмен, екеуі келісіп, ыңғайлы бір салмақты таңдауы да мүмкін. Онсыз да қазір мұндай әңгімелер айтылып жүр. Ломаченко биыл шаршы алаңға желтоқсан айында бір-ақ оралады. Ал келесі жылғы жоспарына «Пакмэнді» де кіргізіп қойса, онда бокс жанкүйерлері бұл айқасты асыға күтіп, аренаны лық толтырар еді.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.