Осмири Фернандес – Айдар Шәрібаевтың чемпиондық атақты жеңіп алатынына сенімдімін

Сәуірдің 22-сі күні «Diamond Ring» тарланы Айдар Шәрібаев кәсіпқой бокстағы өзінің алғашқы чемпиондық жекпе-жегін өткізеді. Сегіз раундтан тұратын текетіресте жерлесімізге америкалық боксшы Зак Рэмси қарсы тұрмақ. Айдардың дайындығы жөнінде жеке бапкері Осмири Фернандеспен сұхбаттасқан едік.

– Моро, WBA NABA чемпиондық белбеуі жайында тарқатып айтып берсеңіз. Бұл белбеу Айдарға не береді?

– Солтүстік Америка секілді кәсіпқой бокста бәсі жоғары құрлықтың чемпионы болу – әлбетте, енді ғана танылып келе жатқан жас боксшы үшін үлкен жетістік. WBA NABA – чемпиондық белбеуі кез келген боксшы үшін зор мәртебе. Одан кейінгі карьерасының жарқын болатындығының айғағы. Осындай жекпе-жектер арқылы біз Айдардың нағыз деңгейіне баға беріп, әлемдік рейтингтегі орнын жақсарта аламыз.

– Ал Шәрібаевтың қарсыласы жайлы не айтасыз?

– Қарсылас таңдауда біз бірінші боксшының рейтингіне мән бердік. Мықты болғанын қаладық. Шынымен де, Зак Рэмси Айдар секілді амбициясы зор боксшы. Алыс қашықтықта да, жақын қашықтықта да жұдырықтаса алады. Рекордсы да жақсы. Сондықтан, бұл айқас тартысты да, әрі қызықты өтеді деп ойлаймын. Бір-біріне лайық қарсыластар.

– Бұрын ешқашан сегіз раунд жұдырықтаспағандығын ескерсек, жекпе-жек соңына қарай Айдар шаршап қалып жүрмей ме?

– Бұл тұрғыда ешқандай да қам жемеймін. Өйткені, жаттығулар кезінде Айдар сегіз емес, 10-12 раундтық спаррингтерге де шығып жүрді. Әлемді мойындатқан боксшыларға қарсы шаршы алаңға шығарып көрдік. Оны айтасыз, бір жаттығуда Олимпиада ойындарының екі чемпионымен спарринг өткізді. Алдымен 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жеңімпазы британдық Люк Кэмпбеллмен жұдырықтасты да, аз-кем демалып алып, 2004 жылғы Афины Олимпиадасының чемпионы кубалық Юриоркис Гамбоаға қарсы шаршы алаңға шықты. Сол спаррингтен кейін Гамбоа қатты ызалы болды. Шәрібаевқа қарсы қолданар шара таппай аһ ұрды. Сондықтан, алдағы жекпе-жектің ұзақтығына бас ауыртпаймын. Әлбетте, міндетті түрде сегіз раунд бойы жұдырықтасу шарт емес. Егер сәті келіп жатса, Рэмсиді нокаутқа жіберуге тырысады.

– Жалпы, Шәрібаевтың алдағы болашағына қандай жоспар құрып отырсыздар?

– Айдар әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа өту үшін көп еңбектенді. Динамикасын күшейтіп, жаттығуға деген көзқарасын өзгертті. Жаттығулар барысында біз Шәрібаевтың қорғанысына да, шабуылына да теңдей көңіл бөлеміз. Қазір оның жұдырықтасу мәнері мүлдем өзгерген. Ал алдағы болашағы промоутерлер мен менеджерлерге байланысты. Қазір оның Америкадағы жұмыстарымен әйгілі Рикардо Ризо айналысып жүр. Кезінде дүниежүзілік бокс қауымдастықтарында басшылық қызметтерді атқарған Ризоның тәжірибесі көп көмек болары сөзсіз. Егер бәрі біз жоспарлағандай өрбісе, Айдардың кәсіпқой бокстағы карьерасы міндетті түрде алға басады.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.