Қорқақтық па, әлде көрегенділік пе? Майки Гарсия екінші рет чемпиондық белбеуден бас тартты

Америкалық боксшы Майки Гарсия ганалық Ричард Коммимен кездеспес үшін жеңіл салмақтағы ІВҒ чемпиондық белбеуінен бас тартты. Бұл Майкидің бірінші рет белбеуден бас тартуы емес. Бұған дейін ол биыл жазда да чемпиондық атақты қажетсінбей, Халықаралық бокс федерациясы міндеттеген қарсыласпен төбелескісі келмеген. Сонда бұл не, қорқақтық па, әлде көрегенділік пе?

Ричард Комми – Майки Гарсияның Халықаралық бокс федерациясы міндеттеп берген қарсыласы. Алайда, Америкалық боксшы Ричардқа қарсы шаршы алаңға шыққысы келмей, ІВҒ белбеуін босатып бере салды. Енді бұл чемпиондық атақты Коми ресейлік Иса Чаниевпен сарапқа салуы тиіс.

Ал Майки Гарсияда енді бір ғана белбеу қалды. Ол әзірге жеңіл салмақтағы WBC чемпионы. Жалпы, Гарсия бірінші рет міндетті қарсыластан тайқып кетіп тұрған жоқ. Жазда белоруссиялық Иван Баранчикпен кездеспес үшін Халықаралық бокс федерациясының екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі чемпиондық белбеуін де шешіп бере салған.

Дегенмен, Майкидің бұл әрекеттерін қорқақтыққа балауға болмайды. Бокстан бөлек, бизнесті де тамаша меңгерген Майкиге белбеулердің аса қажеті де жоқ. Егер жекпе-жектің пайда әкелмесін сезсе, белбеуін еш қиындықсыз шешіп бере салады. Мәселен, көктемде чемпиондық атақ керек болғаны үшін ғана ресейлік Сергей Липинецпен кездесіп, екінші жартылай жеңіл салмақтағы ІВҒ белбеуін жеңіп алды. Халықаралық бокс федерациясының Иван Баранчикті міндетті қарсылас қылып бергені сол екен, Майки «мә» деп белбеуін шешіп бере салды. Өйткені, бұл кезде оның көздегені Баранчиктен әлдеқайда танымал, әрі табыс әкеле алатын Роберт Истер болатын. Робертті жеңді де, жеңіл салмақтағы ІВҒ және WBC чемпионы атанды. Енді бұл атақтардан да бас тартпақ. Ричард Коммиден қорыққандықтан емес, басқа жоспары бар.

Гарсия осы қыстың соңына қарай жартылай орта салмақтағы Эррол Спенспен кездесуді көздеп жүр. Жанкүйерлердің сұрауы да осы жекпе-жек. Тіпті, бұл боксшыны Р4Р рейтингінде Теренс Кроуфорддан кейінгі екінші орынға қоятындар да көп. Сондықтан, мұндай қарсыласты жеңу – Майкидің қалтасын қампайтып қана қоймай, үлкен абырой әперері де сөзсіз.

Айтпақшы, Эррол Спенс бүгінде жартылай орта салмақтағы ІВҒ чемпионы. Яғни, Спенсті жеңсе, Майки әлгі тұжырымның чемпиондық атағын қайта қайтарып алады. Тек басқа салмақта.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.