Олександр Усик – WBSS чемпионы

Мәскеудің төрінде өткен Дүниежүзілік бокс сериясының финалында ресейлік Мурат Гассиевті жеңген украиналық Олександр Усик ауыр салмақ дәрежесінде WBSS чемпионы атанып, WBC, WBO чемпиондық белбеулерінен бөлек, WBA және IBF чемпиондық атақтарын да жеңіп алды. Сондай-ақ, Мұхаммед Әли кубогы мен 10 миллион долларды еншілеп, The Ring тұжырымының үздік боксшысы болып танылды.

Бұл жекпе-жек туралы көп айтылып, көп жазылды. Жыры ұзаққа кетіп, әркім әртүрлі пікір айтты. Алайда, айқас Мәскеуде өтетіндіктен көбі бұл кездесуде Мурат Гассиев жеңіске жетеді деп жобалаған. Бірақ, шынтуайтына келгенде Абель Санчестің шәкірті Усикке қарсы еш айла қолдана алған жоқ.

Рас, бастапқы раундтарда Гассиев бірінші нөмірмен өнер көрсетті. Қарсыласын қуып жүргендей-ақ көрінген. Олександр да көбіне қорғанумен болып, тек алдыңғы қолын сілтеп қоюмен ғана шектелді. Алайда, қанша жерден тізгінді қолынан шығармауға тырысқанымен Мураттың қолы құдды бір иығына байланып қалғандай жөнді бір сериялық шабуылдар жасай алмады да. Тіпті, бұл қарсылас Усик үшін жартылай финалдағы Майрис Бриедистен де жеңіл болғаны да жасырын емес. 12 раундта ешбір нокдаун көре алмағанымызбен үш төреші де украиналықтың мықтылығын мойындап, 120:108, 119:111, 119:111 есептерін тіркеді. Сондай-ақ, CompuBox та бұл жекпе-жекте Усиктің үздік болғанын көрсетті. Нақты айтсақ, 12 раундта украиналық 939 соққы жұмсап, соның 252-сін дөп тигізіпті. Ал Гассиев жекпе-жек бойы салпақтап жүріп, небәрі 313 жұдырық сілтеп, соның 91-ін ғана діттеген жеріне жеткізіпті.

Осылайша, Олександр Усик «крузерлердің» абсолютті чемпионы атанып, барлық чемпиондық белбеулерді жеңіп алды.

– Менен гөрі жекпе-жекке Саша көбірек дайын болып шықты. Жоспарды жақсы орындап, менің кем-кетік жерлерімді көрсетті, – деді айқастан кейін Мурат Гассиев.

Естеріңізге сала кетейік, бұл Олександр Усик үшін кәсіпқой бокстағы 15-ші кездесу еді. Барлығында жеңіске жетті. Ал Мурат Гассиев кәсіпқой шаршы алаңдағы алғашқы жеңілісіне ұшырады.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.