Мурата енді Головкинге қарсылас бола ала ма?

 

Кеше Лас-Вегаста өткен кәсіпқой бокс кешінде Риота Мурата америкалық Роб Бранттан оңбай жеңіліп, орта салмақтағы WBA regular чемпиондық белбеуінен айрылып қалды. Геннадий Головкиннің көздегені осы жапондық еді, енді жерлесіміз қайтер екен?

Алдымен айқас туралы. Роб Брант расымен де сенсация жасады. Жоқ, ешкім оларға сенбеді деп айта алмаймыз. Бірақ, Муратаны соншалықты қауқарсыз болады деп ойламаппыз. 12 раундта белбеуден үміткер чемпионға 1262 соққы жұмсап, соның 356-сын дәл тигізіпті. Ал чемпион 776 ғана соққы жұмсап, соның 180-ін ғана дарыта алған. Бір сөзбен айтқанда, Брант жапон боксшысының барлық кемшілігін көрсетіп берді.

Айта кетуіміз керек, Головкиннің келесі қарсыласы Риота Мурата болады деп күтілген. Жапон боксшысының промоутері Боб Арум бұл айқасты Токиода өткізіп, керемет шоу жасағысы келді. Негізі, әлі де солай. Қанша жеңілсе де, бұл жекпе-жекті Жапонияда өткізер болса, екі боксшы да орасан зор табыс табатыны сөзсіз. Өйткені, Риотаны Күншығыс елінде сонау әуесқойдан бері жақсы көреді. Әлемнің күміс жүлдегері болған, Лондон Олимпиадасында чемпион атанды. Біздің тілмен айтқанда, Жапония үшін Риота Мурата біздің Бақтияр Артаев немесе Серік Сәпиев секілді. Оның қай айқасына болмасын, жапондар аренаны толтыруға дайын. Ал егер қарсыласы Геннадий Головкин болса, онда билеттің бағасы қанша тұрса да, стадионнан ине шаншар орын таппасыңыз анық.

Дегенмен, әлем жанкүйерлері бұл жекпе-жекті қалай қабылдар екен? Онсыз да Канеломен кездескенше жерлесімізді «қапшықтардың королі» деп жаманатты қылып келді. Егер келесі айқасында Муратамен кездесер болса, фанаттары да түсінбей қалуы мүмкін. Ақша қуып жүргенде жанкүйерлері теріс айналмасын деген ниет қой біздікі.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.