Мексиканың кино жұлдызы немесе Бекман Сойлыбаевтың келесі қарсыласы Фернандо Варгас жайлы не білеміз?

Қазанның 19-ы күні Бекман Сойлыбаев Лас-Вегаста өтетін Golden Boy Promotion ұйымдастыратын жекпе-жек кешінде Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC чемпиондық белбеуін қорғайды. Қарсыласы мексикалық – Фернандо Варгас. Ал бұл боксшы жайлы не білеміз? Білгіңіз келе ме? Ендеше мақаламызды ары қарай оқыңыз.

Фернандо ВАРГАС

Толық аты-жөні: Фернандо Варгас-Парра

Жасы: 29 лет

Бойы: 1,73 м

Ұлты: мексикалық

Туған жері: Тихуана, Мексика

Кәсіпқой бокстағы дебюті: 8 қыркүйек 2006 жыл

Рейтинг (өз салмағы бойынша): әлемде – 54 (1244 боксшының ішінде), Мексикда – 13 (250)

Жекпе-жектерінің саны: 47

Жеңіс: 32 (оның 21-і нокаутпен)

Жеңіліс: 12 (4)

Тең айқас: 3

Бұл қай Фернандо Варгас?

Қазақтарда рахат қой, тектестер көп кездесе бермейді. Ал Варгас деген тек орыстардағы Иванов немесе Смирнов секілді Мексикада өте көп. Оның ішінде Фернандо Варгастар да аз емес. Боксшылардың арасында да Фернандо Варгастар аз кездеспейді. Неше түрлі чемпиондық белбеулерді жеңіп алғандары да бар. Біздің кейіпкеріміз кәсіпқой бокста 47 жекпе-жек өткізген. Оның 32-інде жеңіске жетіп, 21 қарсыласын нокаутқа жіберген. 12 рет ұтылып, 4 рет өзі нокаутқа түскен. Үш айқасы тең аяқталған.

Тихуанада туған жүгермек

Фернандо Варгас Мексиканың Тихуана қаласында 1988 жылдың шілдесінде дүниеге келген. Тихуана – бұл Төменгі Калифорния деп аталатын штаттың орталық қалаларының бірі. Батыс жағында Тынық мұхитымен, солтүстігінде АҚШ-пен шекараласып жатыр. Екі миллиондай халқы бар. Жыл сайын көбейіп келеді. Оның себебі де жоқ емес. АҚШ-тың дәл қасында орналасқандықтан шекараны заңсыз асқысы келіп, ойлары жүзеге аспай қалатын мексикалықтар осында орнығып қалып жатады.

Сондай-ақ, анаша, героин, марихуаналардың тым қолжетімді болғандығынан АҚШ-тан келетін жастар да жетерлік. Бір сөзбен айтқанда, аймақта қылмыс өршіп тұр. Кезінде Мексика президенттігінен үміткер болған Луис Дональдо Колосио осы қалада қандықол қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан. 2009 жылы осы қалада футболдан Әлем чемпионатына іріктеу турнирінің маңызды ойыны өтуі тиіс болатын. Бірақ қауіптің күшеюіне байланысты ұйымдастырушылар матчты басқа қалаға алмастыруға мәжбүр болған.

Міне, балалық шағы осындай қалада өткен Фернандо Варгас Парраның қалай бұзақылық топтардан аман өтіп, боксшы болғандығы таңғалдырады.

Алғашқы айқас

Фернандо Варгас кәсіпқой боксқа ерте келген. Алғашқы айқасын өткізген кезде жасы енді ғана 18-ге толған болатын. Жекпе-жек Тихуанамен көршілес қала Мехикалиде өтті. Қарсыласы Омар Рохас оған дейін 4 жекпе-жек өткізіп, біреуінде жеңіп, біреуінде тең түсіп, қалған екеуінде ұтылып қалған. Варгас оны екінші раундта-ақ «ұйықтатты». Содан кейін Рохас шаршы алаңға қайта шыққан жоқ.

Рохасты оңай жеңген Фернандо қатарынан тағы үш қарсыласын құлатты. Бесінші жекпе-жегінде тең түсіп қалғанымен келесі төрт қарсыласын тағы да нокаутпен жеңді. Алайда, 2007 жылдың қыркүйегінде Тихуанада өткен жекпе-жек кешінде өзінің түйдей құрдасы Родриго Гуерреродан масқара болып ұтылды. Өзі алты раундқа жоспарланған айқас еді, бесіншісінде Варгас тәлтіректеп, орнынан тұра алмай қалды.

Чемпиондық жекпе-жек

27 жасқа толғанша Фернандо Варгас жекпе-жектерін тек Мексикада өткізіп жүрді. Онда да Төменгі Калифорниядан ары бара бермейтін. Жеңістерден бөлек, жеңілістердің кермек дәмін татып, біраз тәжірибе жинап қалған Варгасты менеджері Джеймс Патрик Браун АҚШ-қа алып кетті. Нью-Йоркте көп жүрген жоқ. Көп ұзамай Бруклинде пуэрто-риколық Уилфред Васкеске қарсы өткізіп, сегіз раундтық жекпе-жектің қорытындысы бойынша төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

Ал одан кейін оны чемпиондық жекпе-жекке Ұлыбританияға шақырды. Лондонның О2 аренасына. Қарсыласы – ағылшын Джейми МакДоннелл болды. 2014 жылдың мамырында WBA чемпиондық белбеуін жеңіп алған Джейми жекпе-жектің фавориті саналғанымен Фернандо да қарсыласып бақты. Бастапқы раундтарды тәп-тәуір өткізді. Бірақ, айқастың екінші жартысында шаршай бастады. Сөйтіп 9-шы раундта рефери жекпе-жекті тоқтатты. Бұл Варгастың кәсіпқой бокстағы ең үлкен жекпе-жегі еді.

Фернандо Варгас – 2017 жыл

Соңғы рет Фернандо Варгас бір жылда төрт рет 2011 жылы жұдырықтасыпты. Содан бері 2-3 реттен ғана шаршы алаңға шығып жүр. Биыл Бекманға дейін үш рет жекпе-жек өткізіп тастаған. Бірақ чемпиондық белбеу дегенде көзі жанып, дайындыққа қайта кірісіпті. 2017 жылы үш рет шаршы алаңға шығып, екеуінде жеңіске жетсе, мамырда өткен соңғы айқасында өзінің отандасы Орасио Гарсиядан жеңіліп қалды.

Варгастың телевизиялық әлемі

2014 жылдан бастап Фернандо Варгас кәсіпқой бокспен қатар кино өнерін де қатар алып жүр. «Кох-әке» деп аталатын алғашқы фильмі 2015 жылы Мексикада жарық көріп, ол жерде Варгас продюссер де болды, әрі боксшы ретінде өзінің рөлін сомдады. Сол жылы оны әртүрлі сериалдарға актер болуға кастингтерге шақырып, екі кинотуындыда басты рөлдердің бірін ойнады. Былтыр Мексиканы шулатқан «Үйдің ұсақталуы» деген триллер жанрындағы сериалда да өз рөлін жақсы атқарып шықты.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.