Майки Гарсия – Сергей Липинец. Ақтөбе боксшысы чемпиондық атағын қорғай ала ма?

Жексенбі күні таңертең АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында наурыз айының басты жекпе-жектерінің бірі өтеді. Шаршы алаңға америкалық Майки Гарсия мен Ақтөбенің тумасы Сергей Липинец шығып, бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде IBF чемпиондық белбеуін сарапқа салады.

Сергей Липинец (Ресей, 13-0-0, 10 KO) – Майки Гарсия (АҚШ, 37-0-0, 30 KO)

Белбеу Сергей Липинецке тиесілі. Жалпы, Липинецтің қарқыны таңғалдырады. Ақтөбенің Мәртөк ауданында дүниеге келіп, ес білген шағына дейін сонда өскен. Бокспен айналысуды да Ақтөбеде бастаған. Әуелі кик-боксингпен шұғылданды. Кейін «аяқ көтеруді» қойды.

Ал қазір өз салмағында әлем үздіктерінің бірі. Boxrec рейтингінде 12-ші орында. Рас, техникасында алып бара жатқан дәнеңе де жоқ. Бірақ, соққысы жойқын. Кәсіпқой боксқа келген небәрі 3,5 жылдың ішінде 13 рет шаршы алаңға шығып, бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде IBF белбеуіне ие болып үлгерді. Дегенмен, ертең бар атағынан айрылып қалуы да мүмкін. Өйткені, Майки Гарсия бұл салмақтың ғана емес, жалпы P4P үздіктерінің де бірі. Қазір нағыз бабында. Кәсіпқой шаршы алаңда 37 айқас өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Соның 30-ында қарсыласын құлатқан.

– Мен дайынмын. Ертең жеңіске жетуіме ешнәрсе кедергі бола алмайды. Елдердің мені аутсайдер деп жатқаны қызықтырмайды. Мықты екендігімді шаршы алаңда дәлелдеймін. Оның да басқалар секілді екі қолы, екі аяғы, бір басы бар. Ұтуға болады, – деді өзіне сенімді түрде Сергей Липинец.

Негізі, бұл жекпе-жек ақпан айында өтуі тиіс болған. Бірақ жаттығулардың бірінде Липинец қолын жарақаттап алып, айқас бір айға шегерілген-ді.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.