Ломаченко – Педраса. Төбелес көреміз бе, әлде тактикалық айқас бола ма?

Желтоқсанның 8-і күні Нью-Йорктің «Мэдиссон Сквер-Гарден» аренасында жеңіл салмақта украиналық Василий Ломаченко мен пуэрто-риколық Хосе Педраса айқасып, WBA және WBO чемпиондық белбеулерін сарапқа салады.

Кәсіпқой боксты айтпағанда екеуінің де әуесқой бокстағы жетістіктері де жетерлік. Бірақ, бірден айта кетейік, араларын бір ғана жас бөліп тұрғанымен екеуі әуесқойда ешқашан кездеспеген екен. 2009 жылы Миланда өткен әлем чемпионатында Педраса күміспен күптелсе, Ломаченко сол дүниежүзілік додада бас жүлдені жеңіп алған. Алайда, Хосе 60 келіде, ал Василий 57 келіде жұдырықтасқан болатын. Кейін Ломаченко 2011 жылғы Әлем біріншілігінде де чемпион атанып, екі дүркін Олимпиада жеңімпазы болды. Ал «пуэрто-риколық мерген» 2010 жылы Орталық Америка және Кариб аралдары чемпионатында атой салғаннан кейін көп күтпестен кәсіпқой боксқа ауысып кетті. Содан бері 26 жекпе-жек өткізіп, соның біреуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татыпты. 25 жеңісінің 12-сін айқын басымдықпен жеңген. Өз кезегінде кәсіпқой боксқа 2013 жылдың қазанында ауысқан украиналық «Хай-Тек» 12 рет шаршы алаңға шығып, бір рет ұтылып қалған. Қалған 11 жеңісінің 9-ында қарсыласын нокаутпен жеңіпті.

Жалпы, Ломаченко мен Педраса 2016 жылы-ақ кездесуі керек болатын. Ол кезде екеуі де екінші жартылай жеңіл салмақтың чемпиондары еді. Украиналықта WBO, пуэрто-риколықта ІВҒ чемпиондық белбеулері бар еді. Алайда, Хосе бұл кездесуден бас тартып, америкалық Джервонта Дэвиспен айқасуды жөн көрді. Шамасы, шамам жетеді деп ойлаған болса керек. Бірақ, Педраса бұл жекпе-жекте дұрыс тактика пайдаланбаған секілді. Америкалықтың жұдырықтасу мәнеріне елітіп, ара-қашықтықты ұстаудың орнына Джервонтамен ашық төбелеске кірісіп кетті. Жекпе-жектерінің 99 пайызын нокаутпен аяқтап жүрген Дэвиске де керегі осы еді. Бет-аузы көгала қойдай болған Педрасаны 7-ші раундта төреші арашалап қалды.

Енді міне, екеуі ақыры кездесетін болды. Қазір Василий Ломаченко жеңіл салмақта WBA Super чемпионы болса, Хосе Педраса тамызда өткен соңғы жекпе-жегінде 37 жасар мексикалық Раймундо Бельтранды ұтып, Дүниежүзілік бокс ұйымының белбеуін қанжығасына байлаған.

Ал алдағы айқас кімнің пайдасына шешілуі мүмкін? Әлбетте, букмекерлердің фавориті – Ломаченко. Мұнымен келісуге де болатын шығар. Қанша дегенмен Хай-Тектің техникалық арсеналы әлдеқайда бай. Педрасаның басты кемшілігі – қарсыласының ығына тез көнетіндігінде. Егер украиналықтың жұдырықтасу мәнеріне елітіп, тактикалық ойынға көшер болса, онда Ломаченко оны бастапқы раундтарда шаршатып алады да, жекпе-жектің екінші жартысында құлата салары анық. Сонымен қатар, ашық төбелес те Педраса үшін қауіпті. Ал шаршы алаңда көп қимылдап, әр екі-үш соққы сайын клинчке барар болса, онда төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жетуі де мүмкін. Алайда, оған Ломаченко мүмкіндік бере қояр ма?

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.