Әлемдік бокс – Наурыз айының ТОП-7 жекпе-жегі

Дүниежүзілік бокс сериясының жартылай финалдары болмаса, қаңтар мен ақпан айларында кәсіпқой бокс әлемінде аса ірі айқастар болған жоқ. Дегенмен, көктемнің алғашқы айы жарқын жекпе-жектерге толы болғалы тұр. Назарларыңызға наурыз айында өтетін әлемдік деңгейдегі ТОП-7 жекпе-жегінің хронологиясын ұсынамыз.

3 наурыз, Нью-Йорк (АҚШ).

Деонтей Уайлдер (АҚШ, 39-0-0, 38 KO) – Луис Ортис (Куба, 28-0-0, 24 KO)

Аса ауыр салмақтағы аталмыш алыптардың айқасын тағатсыздана күтіп отырған жанкүйерлер мен мамандар өте көп. Екеуі де кәсіпқой бокста әлі жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген боксшы.

Екі метрлік америкалық алып Деонтей Уайлдердің кәсіпқой рингте жүргеніне биыл 10 жыл толады. Осы күнге дейін 39 рет шаршы алаңға шығып, барлығында жеңіске жеткен. 38 қарсыласын нокаутпен аяқтаған. Жұдырығы, құдды бір, зілбалға секілді. Қарсыласын сеспей құлатады. «Мен ешқашан техникалық нокаутпен жеңбеймін. Мен таза нокаутпен ұтамын», – дейді екен Уайлдердің өзі. Несі бар, мақтануға әбден тұрарлық статистика.

Дегенмен, Майк Тайсон бұл боксшыға «ең әлсіз чемпион» деп баға беріпті. Әлсіз чемпионның статистикасы осындай болса, мықтыныкі қандай болады екен. Неде болса, Деонтейдің нағыз әуселесін 3 наурыз күні білетін боламыз.

38 жастағы кубалық Луис Ортис бұған дейін ешқашан толыққанды чемпиондық белбеудің иесі болмағанымен 28 жекпе-жегінің 24-ін нокаутпен аяқтаған. Жанкүйерлер оны бекер «Кинг-Конг» деп атамайды. Бруклиндегі «Barclays Center» аренада өтетін жекпе-жекті Showtime телеарнасы көрсетеді.

3 наурыз, Нью-Йорк (АҚШ).

Сергей Ковалёв (Ресей, 31-2-1, 27 KO) – Игорь Михалкин (Ресей, 21-1-0, 9 KO)

Дәл осы күні Нью-Йоркте тағы бір ғаламат жекпе-жек кеші өтеді. Бірақ басқа аренада, басқа телеарнаның ұйымдастыруымен. Нақты айтқанда, «Мэдиссон сквер-Гарденде» НВО телеарнасының ұйымдастыруымен өтетін кәсіпқой бокс кешінің басты айқасында шаршы алаңға ресейліктер Сергей Ковалев пен Игорь Михалкин шығады.

Андре Уордпен екі рет жұдырықтасып, екеуінде де масқара болып жеңілген «Крашерге» қазір өзінің бұрынғы мәртебесін қайтару оңайға тиіп жүрген жоқ. Өткен жылдың қарашасында украиналық Вячеслав Шабранскийді екінші раундта-ақ құлатып, WBO белбеуін қайтарып алғанымен жанкүйерлер оның мықтылығына аса сене қоймады. Енді міне, тағы бір мүмкіндік туып тұр. Бұл жолғы қарсыласы – өзінің отандасы Игорь Михалкин.

Кәсіпқой бокста жүргеніне 10 жылдан асқан Михалкин жекпе-жектерін негізінен Германия мен Францияда өткізіп жүр. Бір рет жеңіліп қалған. Бұған дейін ешқашан чемпиондық айқасқа шықпапты. Букмекерлер де бір-бірінің ауыздарына түкіріп қойғандай, бұл жекпе-жекте «Крашер» жеңіске жетеді деп отыр.

3 наурыз, Нью-Йорк (АҚШ).

Дмитрий Бивол (Ресей, 12-0-0, 10 KO) – Салливан Баррера (Куба, 21-1-0, 14 KO)

Ковалев пен Михалкин арасындағы жекпе-жектің басты андеркардында шаршы алаңға тағы бір жартылай ауыр салмақ дәрежесінің боксшылары шығады. Ресейлік 27 жасар Дмитрий Бивол мен кубалық қара қабылан Саливан Баррераның арасындағы айқасты тамашалаймыз. Биволдың еншісінде WBA чемпиондық белбеуі бар. Баррера мұндай жетістікпен мақтана алмайды. Бірақ, осыдан екі жыл бұрын Андре Уордтан ұтылып қалғаны болмаса, өте мықты боксшы. Сондықтан, көпшілік жанкүйерлер Биволдың жеңісіне сенімді болғанымен тәжірибелі кубалық боксшы талайды сан соқтырып кетуі әбден мүмкін.

3 наурыз, Шеффилд (Англия).

Келл Брук (Ұлыбритания, 36-2-0, 25 KO) – Сергей Рябченко (Беларусь, 29-2-0, 22 KO)

АҚШ-тан «Тұманды альбионға» ауысайық. Дәл осы күні Шеффилдтегі кәсіпқой бокс кешінде шаршы алаңға Келл Брук пен беларуссиялық Сергей Рябченко шығады. Жалпы, Келл ауыр сынақтан қашпайтын боксшылардың қатарынан. 2016 жылдың қыркүйегіне дейін жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген Брук алдымен бірдене екі салмақ дәрежесіне көтеріліп, Геннадий Головкинді шаршы алаңға шақырды. Одан кейін өз жартылай орта салмақта америкалық Эрролл Спенспен жұдырықтасты. Рас, екеуінде де нокаутпен жеңілді. Бірақ, бұдан оның кәсіпқой бокстағы абыройы кеміп қалған жоқ. Енді бірінші орта салмақ дәрежесіне қадам басты. 3 наурызда осы салмақтағы бірінші айқасын өткізеді. Бұл жолы бірден мықтылармен емес, алдымен тіске батар боксшылармен бастауды жөн көріпті. Қарсыласы – беларуссиялық Сергей Рябченко. Оның да еншісінде екі жеңіліс бар.

10 наурыз, Сан-Антонио (АҚШ).

Сергей Липинец (Ресей, 13-0-0, 10 KO) – Майки Гарсия (АҚШ, 37-0-0, 30 KO)

Наурыздың өте тартысты айқастарының бірі Сан-Антониода ресейлік Сергей Липинец пен америкалық Майки Гарсия арасында өтеді. Жалпы, Липинецтің қарқыны таңғалдырады. Рас, техникасында алып бара жатқан дәнеңе де жоқ. Бірақ, соққысы жойқын. Кәсіпқой боксқа келген небәрі 3,5 жылдың ішінде 13 рет шаршы алаңға шығып, бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде IBF белбеуіне ие болып үлгерді. Дегенмен, 10 наурызда бар атағынан айрылып қалуы да мүмкін. Өйткені, Майки Гарсия бұл салмақтың ғана емес, жалпы P4P үздіктерінің де бірі. Қазір нағыз бабында. Оған тек Василий Ломаченконың ғана шамасы жетеді-ау.

31 наурыз, Кардифф (Уэльс).

Энтони Джошуа (Англия, 20-0-0, 20 KO) – Джозеф Паркер (Жаңа Зеландия, 24-0-0, 18 KO)

Наурыз айының басты жекпе-жегі Уэльс астанасында өтеді. Кардиффте керілген шаршы алаңға жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген қос боксшы ағылшын Энтони Джошуа мен жаңа зеландиялық Джозеф Паркер шығады. 26 жастағы Паркер кәсіпқой бокста 24 айқас өткізіп, барлығын ұтқан. 18 қарсыласын нокаутқа түсірген. Ал 2012 жылы өз отанында өткен Олимпиада ойындарында чемпион атанғаннан кейін бірден кәсіпқой боксқа ауысып кеткен Джошуа 20 рет шаршы алаңға шығып, барлығында қарсыласын құлатқан. Жекпе-жекте Деонтей Уайлдерге тиесілі WBC белбеуінен басқа атақтардың барлығы сарапқа салынады. Жаңа зеландиялық боксшы бәске өзінің WBO белбеуін тігіп отыр. Ал Энтони WBA Super, IBF және ІВО белбеулерін ортаға шығармақ.

 31 наурыз, Кардифф (Уэльс).

Александр Поветкин (Ресей, 33-1-0, 23 KO) – Дэвид Прайс (Англия, 22-4-0, 18 KO)

Джошуа мен Паркер арасындағы айқастың басты андеркардында шаршы алаңға ресейлік Александр Поветкин мен ағылшын Дэвид Прайс шығады. Кезінде Владимир Кличкодан ұтылып қалған Поветкиннің жасы енді екі жылдан кейін 40-қа жетеді. Бұл ресейлік үшін рейтингтің шыңына шығудың соңғы мүмкіндіктердің бірі. Прайсты ұтар болса, келесі кездесулерінде Энтони Джошуа немесе Деонтей Уайлдердің бірімен жұдырықтасуы әбден мүмкін. Сондықтан, ресейлік алып бұл айқаста барын салуы тиіс.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.