Кроуфордқа лайық ТОП-5 бокс немесе Р4Р королінің келесі қарсыласы кім болмақ?

Маусымның 9-ы күні аустралиялық Джеф Хорнды жеңіп, жартылай орта салмақ дәрежесінде WBO чемпиондық белбеуін жеңіп алған Р4Р үздігі Теренс Кроуфорд келесі жекпе-жегі 13 қазан күні өткізетін болды. Бірақ қарсыласы әлі белгісіз. Ендеше біз анықтап берейік.

Қарсылас №1

Эррол СПЕНС, АҚШ (24-0, 21КО)

Өткен жылдың желтоқсаны. «Кроуфорд – өте мықты боксшы. Көпшілік оны екінші Мейуэзер деп жатыр. Келісуге болатын шығар. Бірақ, әр боксшының өз әлсіз тұсы бар. Мен соны пайдалануға тырысам. Естідім, келесі жылы Джеф Хорнмен жекпе-жекке шығып, WBO белбеуіне таласпақ екен. Егер жеңіп жатса, келесі қарсыласы мен болуға дайынмын», – деген болатын Эррол Спенс. Кроуфорд Хорнды жеңді. Енді уақыт созудың қажеті не? Теренс Кроуфордтың промоутері бұл екеуінің биыл қыста немесе келесі жылдың басында кездесуі мүмкін екендігін айтып қалды. Оның үстіне, екеуінің де әзірге алдағы жарты жылдыққа жоспары жоқ.

Қарсылас №2

Кит ТУРМАН, АҚШ (28-0, 22КО)

Жартылай орта салмақта ешкімнен қорықпайтын боксшылардың бірі – Кит Турман. Дегенмен, 29 жастағы боксшы өткен жылдың 4 наурызында Дэнни Гарсияны жеңіп, WBA Super чемпиондық атағына WBC белбеуін қосқалы бері шаршы алаңға шыққан жоқ. Шынтағынан жарақат алып, соны әлі емдетіп жүр. Биыл мамырда жекпе-жек өткізеді деген еді, бірақ спаррингтердің бірінде жарақатын қайта асқындырып алды. Соның кесірінен Дүниежүзілік бокс кеңесінің чемпиондық атағын босатуға мәжбүр болды. Қазір ақырындап жаттығуға оралған секілді. «Бабыма толық келіп алайын, WBC белбеуін өзіме қайтарып аламын», – деді жақында Турман. Алайда, бұл белбеу үшін қыркүйектің 8-і күні Дэнни Гарсия мен Шон Портер айқасады. Сондықтан, мақсатына жету үшін Турманға сәл күте тұруға тура келеді. Ендеше неге оған дейін Кроуфордпен төбелесіп, WBA Super  белбеуіне WBO чемпиондық атағын біріктіріп көрмеске?

Қарсылас №3

Мэнни ПАКЬЯО, Филиппин (60-7-2, 39КО)

Кроуфорд пен Пакьяоның потенциалды жекпе-жегі жайлы сонау 2015 жылдан бері айтылып келеді. Бірақ, «Пакмен» Теренске қарай көз қырын да салған жоқ. Негізі, екеуінің карьерасын жүргізетін бір промутер – Боб Арумның жігіттері. Арумның өзі де бұл айқасты асыға күтіп жүр. Былтыр «2018 жылы осы екеуін қалай да шаршы алаңда жолықтырам» деп ресми түрде де мәлімдеген. Батпай тұрған Пакьяо. «Мэнни өз дәуірінде талай чемпионмен кездескен. Сегіз салмақ дәрежесінде чемпион болған. Сондықтан, өзіне қай боксшыны қарсылас ретінде таңдаймын десе де, өзі біледі. Оның шешіміне құрметпен қарауымыз қажет», – деген өткен айда Кроуфорд. Алайда, іле-шала «менің басты мақсатым – осы боксшымен жолығу» деп түпкі ойын жасырмады. Бәрі Пакьяоға байланысты. Бәлкім, тісқаққан Арум оны Кроуфордпен төбелесуге үгіттер?..

Қарсылас №4

Хосе БЕНАВИДЕС, АҚШ (27-0, 18КО)

Бұл қай боксшы деп отырған боларсыздар? Бенавидес кәсіпқой бокста 2010 жылдан бері жүр. Осы уақытқа дейін 27 рет шаршы алаңға шығып, барлығында жеңіске жетіпті. 18 қарсыласын жекпе-жектің соңына дейін жеткізбеген. Ал Boxrec рейтингінде бар болғаны 27-ші орында. Бұл жекпе-жек дәл қазір бокс әлеміне қаншалықты пайдасын берерін білмейміз. Бірақ, екеуінің төбелесіне Боб Арум батасын берген секілді. Сондықтан, қазан айында Кроуфордпен басқа-басқа емес, Хосе айқасып жатса, таңғалмаңыздар.

Қарсылас №5

Кусто КЛЕЙТОН, Канада (15-0, 10КО)

Шыны керек, Кроуфордтың қазанда Клейтонмен кездесетініне сенбейміз. Өйткені, канадалық боксшы жеңілістің кермек дәмін әлі күнге татып көрмегенімен ешқашан өз елінен тысқары жерде жұдырықтаспаған. Қарсыластары да «ноунеймдер». Егер төбелесер болса, Теренс оны төртінші раундқа да жеткізбейтін шығар. Дегенмен, WBO рейтингінде Клейтон 1-ші орында тұр. WBО International белбеуінің иегері. Демек, егер басқа лайық боксшы табылмай жатса, Дүниежүзілік бокс ұйымы екеуін кездесуге міндеттеп тастауы да ғажап емес.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.