Каутондоква Андрадеге лайықты қарсылас бола ала ма?

Осы жексенбі Бостонда америкалық Деметриус Андраде мен намибиялық Уолтер Каутондоква айқасып, орта салмақта WBO чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Қаншалықты айқас деуге болар екен? Каутондоква Андрадеге лайықты қарсылас бола ала ма?

Бұл британиялық Билли Джо Сондерске тиесілі белбеу. Алайда, допингтік дауға қалған «Сыған» жекпе-жектен шеттетіліп, оның орнына «Matchroom Boxing promotions» шұғыл түрде басқа боксшы іздеп, таңдау намибиялыққа түскен. Ал Дүниежүзілік бокс ұйымы Сондерсті чемпиондық атақтан айырғандықтан Бостондағы жекпе-жек кешінде боксшылар осы тұжырымның толыққанды чемпиондық белбеуін сарапқа салады.

Уолтер Каутондоква Африкада «Жендет» деген лақап атпен жақсы танымал. Кәсіпқой бокста 2013 жылдан бері жүр. 17 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. 16 қарсыласын нокаутпен аяқтаған. WBO тұжырымының орта салмақтағы рейтингінде Андрадеден кейінгі екінші орында тұр. Жерлесіміз Геннадий Головкинді де шаршы алаңға шақырған.

– Мен Головкиннен қорықпаймын. Кез келген жерде, кез келген уақытта шаршы алаңға шығуға дайынмын және оны жеңетіндігіме өз өмірімді бәске тігемін. Иә, ол мықты боксшы. Бірақ, ешқашан мен сияқты африкалық алыппен кездеспеген. Екеуміз жолықсақ, бокс тарихындағы ең айтулы апсетті жасаймын. Бұл туралы бокс әлемі талай жыл ауыздарынан сулары құрып, айтып жүретін болады. Менен жеңілген соң Головкин талай түнін ұйқысыз өткізіп, ешкімге беймәлім Уолтерден қалай таяқ жегені туралы бас қатырып жүреді. Мен оған қанды айқас сыйлаймын. Сондықтан, Triple G ешқашан менімен кездесе қоймас, – деген биыл көктемде жерлесіміз жайлы Каутондоква.

Расымен де, Головкин намибиялықтың орнына мамыр айындағы кездесуіне Ванес Мартиросянды таңдады. Бұл түсінікті де шығар. Мартиросян қанша дегенмен Америка жұртшылығына аздап болса да танылып қалған боксшы еді. Ал еншісінде 17 жеңіс Уолтер болғанымен Намибиядан тысқары жерде ешкім танымайды да. Бір рет Гана астанасында жекпе-жек өткізіп келгені болмаса, қалған айқастарының барлығын өз елінде өткізген. Онда да тек африкалықтарды ғана ұрып жүр. Өзге құрлық өкілдерімен бір-ақ рет кездескен.

Оның қасында Деметриус Андраденің тәжірибесі әлдеқайда мол. ТОП боксшылармен кездеспесе де, Ванес Мартиросян, Джек Калкэй, Алантес Фокс, Брайан Роус сынды қарымды қарсыластарын жеңген. Дегенмен, Каутондокваны ұту оңай бола қоймас. Қанша дегенмен америкалыққа қарағанда ірілеу. Сондықтан, жекпе-жек екінші жартысына дейін жалғасып, нокаут болса, 7-11 раундтар арасында орын алуы тиіс. Бір анығы, бұл жекпе-жектен кейін Уолтер Намибиядан өзіне зәулім үй сатып алуға шамасы жетеді.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.