Канелодан басқа да боксшы көп немесе Головкиннің келесі қарсыласы кім болуы мүмкін?

Кленбутерол қабылдады деп айыпталған Канелоның айналасындағы дау басылмай тұр. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, оның допинг қабылдағаны расталса, кемі бір жылға спорттан аластатылуы керек. Ал Головкин 5 мамыр күні қалайда шаршы алаңға шығамын деп отыр. Бірақ, кіммен? Орта салмақта Сауль Альварестен басқа кім бар? Ең мықтыларын іріктеп көрейік.

Билли Джо СОНДЕРС (Ұлыбритания). 26-0, 12КО

Геннадий Головкинге жетпей тұрған жалғыз белбеу қазір Билли Джо Сондерстің қолында. Айрылғысы келмейді. Головкинмен кездесер болса, келісімшартта көрсетілген суммадан екі есе артық ақша сұрайтыны да анық. Дегенмен, промоутерлер дұрыс жұмыс жасай білсе, оны да шаршы алаңға шақыруға болады. Алайда, «Цығанның» да өз жоспары бар. Әу баста 14 сәуір күні Мартин Мюрреймен айқасуы керек болған. Қолынан жарақат алып қалған Сондерс бұл жекпе-жекті 23 маусымға шегерді. Кім біледі, егер жақсы гонорар төлеймін десе, 5 мамыр күні қолы өздігінен жазылып кететін де шығар.

Дэниел ДЖЕЙКОБС (АҚШ). 33-2, 29КО

Головкин былтыр Джейкобспен кездескен. Жеңгенімен, жеңісіне күмәнмен қарағандар аз болған жоқ. Сондықтан, 5 мамыр күні шаршы алаңға шығарып алып, жұрттың күмәні қалмайтындай сабап тастауға болады. Оның үстіне, Дэниел де Геннадиймен қайта жұдырықтасуға кетәрі емес. «Бұл жолы жеңіс менікі болады» деп өткен жылғы жеңілісін мойындағысы келмей жүр. Дегенмен, 28 сәуірде Джейкобс польшалық Мацей Сулецкимен кездесуі тиіс. Яғни, бос емес. Бұл жекпе-жектен бас тартып, бір аптадан кейін Головкинмен кездесуге келісе қояр ма екен?

Джермалл ЧАРЛО (АҚШ). 26-0, 20КО

Орта салмақта ағайынды Чарлолардың патшалық құруын күтіп жүргендер Америкада аз емес. Егіздердің бір сыңары – Джермалл. Былтыр аргентиналық Хорхе Себастьян Хейландты құлатқаннан кейін Головкинді де шаршы алаңға шақырған. Әлі күнге жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген ол 21 сәуір күні отандасы кіші-Уго Сентеномен кездесіп, WBC тұжырымының уақытша чемпионы атағын сарапқа салады. Жеңіп жатса ғана Геннадиймен айқасуға мүмкіндігі бар. Сондықтан, мамырдың 5-інде Канелоны алмастыра алмайды-ау.

Деметриус АНДРАДЕ (АҚШ). 25-0, 16КО

Құлағына сырға тағатын жігіттерді еркек деп есептемеймін. Бәлкім, Америкада бұл сән шығар. Бірақ, бізге ерсі көрінеді. Ал боксшылар үшін тіптен ұят нәрсе. Осы күнге дейін қалай ұтылмай келе жатқанына таңым бар. 2008 жылдан бері кәсіпқой бокста. 25 айқасының барлығында жеңіске жеткен. Бірақ, жерлесіміздің жеке бапкері Абель Санчес «Андраде Головкинмен айқасқысы келсе, ірі жекпе-жектер өткізіп, алдымен өзіне жарнама жасауы қажет. Әйтпесе, оны Америкада аса ешкім танымайды» дегенді айтты.

Сергей ДЕРЕВЯНЧЕНКО (Украина). 12-0, 10КО

Сіздерді қайдам, өз басым Головкин үшін Сауль Альварестен кейінгі ең қауіпті боксшы деп осы Сергей Деревьянченконы есептеймін. Оның қалай жұдырықтасатынын қазақстандық жанкүйерлер «Астана арландарынан» бері жақсы біледі. Әлемдік рейтингте ақырындап көтеріліп келе жатқан украиналық боксшы Головкиннің IBF тұжырымы бойынша міндетті қарсыласы. Деревянченконың промоутері Лу Дибелла да өз боксшысының 5 мамыр күнгі айқаста Альваресті алмастыруға дайын екендігін айтты.

Кіші-Крис ЮБЕНК (Ұлыбритания). 26-2, 20КО

Ақпан айында отандасы Джордж Гроувздан ұтылып қалған Крис Юбенктің қазір қаншалықты бабында екендігін білмейміз. Бірақ, 5 мамырға жоспарланған жекпе-жекті сәл кейінге шегеріп, Лас-Вегастан Англия астанасына ауыстырар болса, онда бұл айқастан әжептеуір табыс түсіруге болады. Өйткені, «Тұманды Альбионда» Юбенктің жанкүйерлері аз емес. Өзі де кезінде Головкинмен кездесуі тиіс болып, соңғы сәтте сөзінен тайқып шыққан. Бұл жолы мүмкіндікті жібере қоймас.

Гильберто РАМИРЕС (Мексика). 37-0, 25КО

Екінші орта салмақтағы мексикалық боксшының Головкинді шаршы алаңға шақырып жүргеніне екі жылдың жүзі болып қалды. Оның үстіне, ақпан айының басында кезекті қарсыласын еш қиындықсыз нокаутпен ұтқан Гильберто Рамирес 5 мамыр күні бос. Бәлкім, жерлесіміз бір салмақ жоғары көтеріліп, мексикалыққа тиесілі WBC белбеуін жеңіп алар.

Ал сіз қалай ойлайсыз, осы Геннадий Головкинге осы боксшылардың қайсысымен жұдырықтасқан дұрыс?

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.