Кәсіпқой бокс қазақстандық телеарнаға қайта оралды

Мамырдың 12-сі күні Нью-Йорктің әйгілі «Мэдиссон Сквер-Гарден» кешенінде өтетін украиналық Василий Ломаченко мен венесуэлалық Хорхе Линарес арасындағы айқасты қазақстандық бокссүйер қауым тікелей эфирден тамашалай алады.

Жекпе-жекті қалың көрерменге «Хабар» арнасы ұсынып отыр. Бұл туралы агенттіктің спорт продюссері Асқат Жакаев мәлімдеді.

– «Хабар» арнасынан тікелей эфирден жеңіл салмақтағы WBA чемпиондық атағы үшін өтетін Ломаченко мен Линарес арасындағы айқасты тамашалаңыздар. Жекпе-жек өте қызықты болады деп күтілуде. Ал сіз кімге бәс тігесіз, – деп жазды өзінің «фейсбуктегі» жеке парақшасына Асқат Жакаев.

Иә, расымен де тартысты айқас болуы тиіс. Василий Ломаченко мықты да шығар, дегенмен Линарес те оңай шағылар жаңғақ емес. Басы жарылып, көзі шықса да соңына дейін айқасатын боксшылардың қатарынан. Сондықтан, шаршы алаңнан қан көруіміз де ғажап емес. Тіпті, кейбір мамандар бұл текетіресті 2018 жылдың басты жекпе-жегіне балап отыр. Сөздерінің жаны да бар.

Кеше боксшылардың алғаш рет ресми көз атысуы болды. Көп нәрсе осыған да байланысты ғой. Боксшылардың психологиялық дайындығын тексеруге таптырмас процесс. Бірінші болып көзін тайқытқан Линарес. Дегенмен, венесуэлалық боксшы қарсыласынан қаймығып тұрған жоқ.

– Ол өте көп соққы жұмсайды. Қорғанысы да берік. Соның арқасында жеңіске жетуі мүмкін. Бірақ мені нокаутпен ұта алмайды. Мен үшін Ломаченкоға қарағанда Майки Гарсия мықтырақ. Ал егер Ломаченконы жеңіп жатсам, өмірім түбегейлі өзгереді, – деп ағынан жарылды Линарес.

Ал «Хабар» телеарнасының жекпе-жектен тікелей трансляция жасауы қазақстандық бокссүйер қауым үшін үлкен сыйлық. Былтыр кәсіпқой бокс кештерін көрсетуді дәстүрге айналдырған «Хабар» биыл да сол үрдісті жалғастырмақ сияқты. Тек ұзағынан болғай дейміз.

Естеріңізге сала кетейік, Ломаченко мен Линарес арасындағы жекпе-жек Астана уақытымен 13 мамыр күні таңертең өтеді. «Хабар» телеарнасы сағат 8:00-ден бастап Нью-Йорктен тікелей эфирге қосылмақ.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.