Хулио Сезар Чавес – Енді есірткіге мүлдем жоламаймын

Бір жарым жылдық үзілістен кейін былғары қолғабын қайта киген мексикалық кіші Хулио Сезар Чавес бұдан былай есірткіге мүлдем жоламауға және арақты аузына алмауға уәде етті.

Айта кетейік, былтыр мамырда Сауль Альварестен оңбай жеңілген Хулио Сезар Чавес сол күйі шаршы алаңға жоламай кеткен еді. АҚШ-тың испан тілді Telemundo телеарнасына сұхбат берген кіші Чавес осы аралықта немен айналысқанын ағынан жарыла әңгімелеп, соның салдары қаншалықты ауыр тигенін айтып берді.

– Канелодан жеңілгеннен кейін жаман депрессияда жүрдім. Қатты күйзелдім. Енді шаршы алаңға шықпайтын шығармын деп те ойладым. Іштей бокспен қоштасып та қойған едім. Жарты жылдай мүлдем жаттыққан жоқпын. Бокс десе құсқым келетіндей жағдайға жеттім. Осы аралықта қатты семіріп кеттім. Дәл сондай күйге кезінде Серхио Мартинестен жеңілгеннен кейін де ұшырағанмын. Ол кезде де қатты күйзелген едім. Күнде ішімдікпен көз ашып, таңымды есірткімен атыратынмын. Анаша шектім, бәрібір көмектеспеді. Түнімен ұйықтай алмайтынмын. Ұйықтататын дәрі де көмектеспейтін. Әкем басқаратын емдеу клиникасында екі айдай жаттым. Арақ, есірткімен әбден күрестім. Қиын кездер еді. Бұдан былай алкоголь, есірткі деген бәлелерге жолағым келмейді, – деп ағынан жарылды кіші Хулио Сезар Чавес.

Айта кетейік, кәсіпқой бокста 54 жекпе-жек өткізіп, соның үшеуінде жеңілген, біреуінде тең түскен Хулио Сезар Чавес 50 жеңісінің 32-сін нокаутпен аяқтаған. Енді бір жарым жылдық үзілістен кейін Лос-Анджелесте шаршы алаңға қайта шықпақ. Деонтей Уайлдер мен Тайсон Фьюридің андеркартында өтетін айқаста мексикалық «ерке баланың» қарсыласы 36 жасар Альфредо Ангуло болады. 34 кездесуінің жетеуінде жеңілген Ангуло да Мексиканың өкілі. Кейінгі кездері жолы болмай жүр. Соңғы жеті жекпе-жегінің бесеуінде жеңілістің кермек дәмін татыпты. Алдағы айқас супер орта салмақта өтеді және 10 раундқа жоспарланып отыр.

Ендеше 1 желтоқсан күні бізді Уайлдер – Фьюри текетіресінен бөлек, тағы бір тартысты айқас күтіп тұр. Жіберіп алмайық.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.