Головкиннің келесі қарсыласы Джермалл Чарло бола ма?

Дүниежүзілік бокс кеңесі Геннадий Головкинге жаңа қарсылас тауып берді. Сауль Альвареспен айқасқысы келсе, жерлесімізге келесі жекпе-жегінде Джермалл Чарлоны жеңу қажет.

Бұл туралы WBC өзінің туиттердегі жеке парақшасында мәлімдеді. Головкин мен Чарлоның қай жеңгені мексикалық Сауль Альвареске міндетті қарсылас болып, чемпиондық атағына таласа алады. Мұндай сценарий кімге тиімді?

Әлбетте, Геннадий Головкин тағы бір рет Канеломен төбелесіп көргісі келетіні анық. «Жеңілген күреске тоймайды» дейсіз бе, басқаша түсінесіз бе, білмеймін, бірақ Triple G Альвареспен тағы бір рет айқасуға дайын. Лас Вегастағы жекпе-жек кешінен кейін-ақ бірден үшінші текетіресті талап еткен. Былтыр тең түсіп, биыл ақыры басым түскен Канело да енді ешқайда қашпайды. Өзіне деген сенімділігі артқан. Тағы 12 раунд төбелесуге дайын. Бастысы, ақшасын төлесең болды. Бірақ, үшінші жекпе-жек мексикалыққа қаншалықты қызық? Оны онсыз да басқа табысты жекпе-жектер күтіп тұр. Лемьемен де, Сондерспен де, Джейкобспен де пайда таба алады. Канелоны қойшы, жанкүйер зеріккен жоқ па? Сондықтан, бұл кездесу бірінші ретте Головкинге қажет. Оның енді жоғалтатын дәнеңесі жоқ.

Бұл тұрғыда Дүниежүзілік бокс кеңесінің бұл шешімі жерлесімізге жақсы сый болды. Дегенмен, Джермалл Чарло да оңай шағылар жаңғақ емес. WBC рейтингінде 2-ші орында тұр. Бірінші орында Лас Вегастағы жеңілістен кейін Геннадий Головкин. Бұған дейін бұл боксшы Головкиннің чемпиондық белбеуінен басты үмтікер болған. Кәсіпқой бокста жеғңілістің кермек дәмін татып көрмеген. 27 жеңісінің 21-інде қарсыласын нокаутқа түсірген. Соңғы кездесуін сәуірдің 21-і күні өткізіп, Уго Сентеноны нокаутпен ұтқан. Егер дұрыс дайындалмаса, Головкинге бұл қарсылас та қиындық тудыратыны анық. Біріншіден, техникасы зор, екіншіден, жастығы шығар, шаршы алаңда өте жылдам. Мұрын шүйіре қарауға болмайтын қарсыластардың бірі.

Ал бұл жекпе-жек қашан өтуі мүмкін? Том Леффлердің сөзіне сенсек, Головкин енді шаршы алаңға 2019-дың көктемінде оралады. Шамасы, наурыз немесе сәуір айы шығар. Алайда, Чарлоның шаршы алаңға шықпағанына алты айға жуықтағанын ескерсек, ұзақ тұралап қалмау үшін америкалық боксшы жерлесімізді асықтыруы да ағаж емес. Мұндай жағдайда жекпе-жек ақпан айында өтеді деп болжауға болады.

Сауль Альварес ше? Ол көп демалғысы жоқ. Келесі жекпе-жегін желтоқсан айына жоспарлап та қойды. Демек, егер бәрі сәтті аяқталып жатса, онда Канело мен Головкиннің үшінші жекпе-жегі келесі жылдың 5 мамырында, «Синко де Майо» мерекесінде өтуі ғажап емес.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.