Головкин – Канело. Қарымта айқастан не күтеміз?

Сонымен, мамырдың 5-і күні Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің арасындаңы қарымта айқасты тамашалаймыз. Бұл жолғы жекпе-жектен не күтуге болады?

Өткен жылдың 16 қыркүйегінде өткен бірінші кездесу тең аяқталған. Жекпе-жек соңында Геннадий Головкиннің «мексикалықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!» деп миығынан күлгенінен көп нәрсе аңғарғандай болып едік. Расымен де, өздерінің төл мейрамында мексикалықтардың жеңісті оңайлықпен бере салмайтыны түсінікті болатын. Оның үстіне, ұйымдастыру жағын өз мойнына толығымен Оскар Де Ла Хойяның «Голден Бой» промоутерлік компаниясы алған. Төрешілердің шешімі көпшіліктің дауын тудырғаны да сондықтан.

Алайда, сол айқаста Сауль Альварес әлсіз болды деп айта алмайсың. Рас, екінші нөмірде жұдырықтасты, рас кейбір сәттерде Головкиннің шабуылдарына төтеп бере алмай да жатты. Бірақ, соңғы үш раунд мексикалықтың басымдығымен өткенін де мойындауымыз керек. Тіпті, соңғы үш минуттықта жерлесімізге қарағанда тың көрініп, жекпе-жекті шабуылмен аяқтады. Сол үшін де тең есептің тіркелуі заңдылық шығар.

Енді екінші жекпе-жектің мамырдың 5-і күні өтетіні ресми түрде белгілі болды. Бұл да Мексика халқы үшін жай дата емес. 1862 жылы дәл осы күні Пуэбла қаласындағы қанды шайқаста 4 мың әскері ғана мексикалықтар өздерінен екі есе көп қолмен келген француздарды жеңген екен. Содан бері 5 мамыр оларда ұлттық мереке саналады.

Сонымен, Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің екінші айқасының сценариі қандай болмақ? Біріншісінен байқадық, Канело да осал шағылар жаңғақ емес. Кемшін тұстары бар, бірақ әбден піскен екен. Головкин де көп шабуылдағанымен сол кездесуде минустары көрініп қалды. Қарымта айқастың қалай өтерін тап басып айту қиын. Бір анығы, бұл жолы жекпе-жек тағдырын төрешілердің шешіміне жеткізбеу қажет.

Бұл жерде жекпе-жектің қай қалада өтетіні де маңызды. Оскар Де Ла Хойяның командасы үшін Лас-Вегас та бөтен жер емес. Канело 10 жекпе-жек өткізсе, соның жетеуі міндетті түрде Лас-Вегаста өтетіні де содан болса керек. Головкин үшін ең дұрысы Нью-Йорк болар еді. T-Mobile Arena сидырған көрерменді «Мэдиссон-Сквер-Гарден» де қабылдай алар еді. Бірақ, бұған Triple G промоутері Том Леффлердің беделі жете ме?

Головкин мен жеңем дейді, Канело бұл жолы төрешілердің шешімі қажет болмайтынын айтып, «оны құлатамын» деген мәлімдеме жасады. Егер Triple G жеңер болса, онда күллі әлем оның мықтылығын мойындап, ұзақ уақытқа PPV көшбасшысы болары анық. Ал жеңіліп қалса, Геннадий Головкиннің есімі көп ұзамай-ақ Америкада ұмыт бола бастайды. Сондықтан, бұл айқастың маңызы өткен жылғыдан да зор.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.