Головкин, Альварес, Ломаченко – Бүгінгі Р4Р үздігі кім?

Флойд Мэйуезер боксты аяқтады, Андре Уорд шаршы алаңнан кетті, Кличколардың дәуірі өтіп, Мэнни Пакьяо саясатты таңдады. Ал Роман Гонсалестің карьерасы кері кетті. Енді әлем боксының Р4Р үздігі кім?

Геннадий ГОЛОВКИН (Қазақстан) – орта салмақ (38-0-1, 34КО)

Алдымен өзіміздің Геннадий Головкиннен бастайық. 36 жастағы боксшымыз кәсіпқой бокста әлі жеңілістің кермек дәмін татып көрген жоқ. Тек өткен жылы «Канеломен» тең түсіп қалды демесеңіз, қалған жекпе-жектерінің барлығында жеңіске жеткен. Мамырдың 6-сы күні Ванес Мартиросянды жеңіп, әйгілі Бернард Хопкинстің рекордын қайталады. Яғни «Би-Хоп» секілді чемпиондық атағын жиырма рет қорғаған. Өзінің сұхбатында «менің қарсыластарым Хопкинстікінен мықты болды» деп айтыпты. Дегенмен, мойындауымыз қажет, Головкин былтыр Альвареспен айқасқанымен әлі Оскар Де Ла Хойя, Феликс Тринидад, Джо Кальзаге, Рой Джонстың деңгейіндегілермен кездескен жоқ. Бірақ, мықтылығына ешкім шүбә келтірмейді. Тіпті, бір кездері орта салмақтағы боксшылардың барлығын тазалап тастаған. Канеломен тең түскеннен кейін бұл салмақтағы боксшылар қайта бас көтере бастады. Әлбетте, біз Головкинді Р4Р үздігі деп те немесе бұл орынға лайық емес деп те айта алмаймыз. Мұны сіздердің құзырыңызға қалдырайық.

Василий ЛОМАЧЕНКО (Украина) – жеңіл салмақ (11-1, 9-КО)

Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы Василий Ломаченко кәсіпқой боксқа өте салысымен бірден мықтылармен айқасты. Тек Орландо Салидодан жеңіліп қалғанымен қалған қарсыластарының барлығын қоғадай жапырды. Николас Уолтерс, Гэри Рассэл, Джейсон Соса, Гильермо Ригондо сынды мықтыларды ұтып, өткен жексенбіде Хорхе Линаресті екі бүктеді де, айналдырған 12 жекпе-жектің ішінде үш салмақтың чемпионы атанып, рекорд орнатты. Сондықтан шығар, көптеген сарапшылар Василий Ломаченконы Р4Р үздігі деп жүр. Ал сіз келісесіз бе?

Сауль АЛЬВАРЕС (Мексика) – орта салмақ (49-1-2, 34КО)

Флойд Мэйуезер былғары қолғабын шегеге ілгеннен кейін оның орнын басатын бірден-бір боксшы ретінде дәл осы Сауль Альварестің есімі аталып жүрді. Алайда, одан да басқа мықтылар бар екен. Оның үстіне, кленбутеролмен ұсталғаннан кейін оның бокс әлеміндегі беделі едәуір түсіп кетті. Соған қарамастан кейбір тұжырымдар бойынша әлі де көш бастап тұр. Мейлі, «The Ring» журналы Оскар Де Ла Хойяға тиесілі делік. Дегенмен, әйгілі boxrec.com сайтында бірінші орында тұрғанын қалай түсінеміз? Ал сіз допинг дауынан кейін Канелоны қай орынға қояр едіңіз?

Теренс КРОУФОРД АҚШ – жартылай орта салмақ (32-0, 23КО)

Кәсіпқой бокс әлемінің бүгінгі үздіктері дегенде қазақ жанкүйерлерінің есіне бірінші ретте жерлесіміз Геннадий Головкин, мексикалық Сауль Альварес және украиналық Василий Ломаченко түсетіні анық. Дегенмен Теренс Кроуфордты да ұмытпауымыз қажет. Бірінші жартылай орта салмақтың абсолютті чемпионы болған Кроуфорд былтыр намибиялық Юлиус Индонгоны үшінші раундта құлатқаннан кейін барлық белбеулерден өз еркімен бас тартып, таза жартылай орта салмаққа өткен болатын. Сарапшылар Теренсті бұл салмақта да жеңістердің күтіп тұрғанын айтады. Маусымның 9-ы күні боксшы Лас-Вегаста Джефф Хорнмен кездеседі. Ұтуы тиіс, бірақ бұл жеңіс оның Р4Р үздігі болуына кепіл бола алмас.

Сонымен, Р4Р үздігі болуға кімді ұсынасыз?

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.