Гассиев пен Усик футболдан әлем чемпионатынан кейін айқасады

Дүниежүзілік бокс супер сериясының финалына шыққан ресейлік Мұрат Гассиев пен украиналық Александр Усик футболдан әлем чемпионатынан кейін айқасады.

Бұл айқасты күтіп жүрген бокссүйер қауым өте көп. Себебі, жекпе-жек чемпионы төрт белбеуді де беліне байлап, бірінші ауыр салмақ дәрежесінің абсолютті чемпионы атанады. Бүгінде IBF пен WBA белбеулері ресейліктің еншісінде болса, Усик WBC мен WBO чемпионы.

Әу баста бұл кездесу 11 мамырда Сауд Арабиясында өтеді деп жоспарланған. Алайда, украиналықтың жарақат алып қалуына байланысты айқас кейінге шегерілді. Ал қазір Усик жарақатынан толық айыққан. Бірақ, шоуды ұйымдастырушылар жекпе-жекті футболдан әлем чемпионатымен қабаттастырмай-ақ қоюды жөн көрген секілді. Айқас 21 шілде күні өтеді.

Ал қай аренада екені белгісіз. Шоу өтетін ел ертең нақты белгілі болуы тиіс. Әу баста тек Сауд Арабиясы ғана қызығушылық білдіргенімен бүгінде Мәскеу де жекпе-жекті өз жерінде өткізуге таласып жатыр. Өз кезегінде Мурат Гассиев «Маған бәрібір Мәскеуде болса Мәскеуде, Киевте болса Киевте шаршы алаңға шығуға дайынмын. Тіпті, қажет болса Усикпен айда да айқасамын», – деп отыр өзіне сенімді күйде.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.