Фредди РОУЧ – Кличконы жеңген Фьюри Уайлдерді де ұта алады

Британиялық алып Тайсон Фьюриді 1 желтоқсанда Лос-Анджелесте өтетін Деонтей Уайлдерге қарсы жекпе-жекке дайындап жүрген әйгілі бапкер Фредди Роуч алдағы айқасқа өз болжамын жасады.

Ағылшынның Daily Mail газетіне сұхбат берген Фредди Роуч дайындықтың қалай өткенін және Тайсонның басты артықшылығын айтып берді.

– Алғашқы жаттығуға Тайсон өзінің жеке жаттықтырушысы Бен Дэвисонмен бірге келді. Нағыз джентельмен екен. Алдымен рұқсат сұрап, сосын барып кірісті. Маған да залымда чемпиондардың көп болғаны жақсы ғой. Ол өз бетінше жаттығып жүрді. Мен өз шәкірттеріммен жұмыс жасадым. Сырттай бақылап жүрдім. Ол да менің методикамды білетін. Арасында сөйлесіп тұрдық. Бір күні, «Фредди, жекпе-жек кезінде менің бұрышымда кеңес беріп тұруға қалай қарайсың?», – деді. Келістім. Бірақ, Бенге кедергі жасағым келмейтінін айттым. Содан екеуміз өзара мәмілеге келіп, Бен бас бапкер ретінде қала беретінін, ал мен жекпе-жек барысында көргенімді, қателіктер болса, Дэвисонға айтып тұратын болдым, – деді Даңқ залына енген Роуч маман.

Сонымен қатар, америкалық бапкер жекпе-жекке өзінің қорытынды болжамын жасап, Уайлдердің әлсіз тұсын басып айтты.

– Меніңше, бұл жекпе-жектің фавориті – Тайсон Фьюри. Кличконы жеңген боксшы Уайлдерді де қиындықсыз ұта алады деп ойлаймын. Оның үстіне, Деонтей Владимир сияқты мықты емес. Уайлдердің оң қолының соққысы жойқын. Дегенмен, Тайсон соққыларды жақсы көреді және кез-келген соққыдан сытылып кете алады. Сондықтан, Деонтей соққыға дайындала берген бетте-ақ Тайсон қарымта әрекетке көшеді. Қанша жерден алып, дәу болғанымен Тайсон шаршы алаңда ширақ, әрі жеңіл қимылдайды. Талай рет 12 раундтық спаррингтер өткізген. Сондықтан, бұл айқаста Фьюридің жеңісіне сенімдімін, – деді Фредди Роуч.

Естеріңізге сала кетейік, Тайсон мен Деонтейдің айқасы 1 желтоқсанда Лос-Анджелесте өтеді. Жекпе-жекте Уайлдерге тиесілі WBC чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.