Елеусінов Доэртиді құлата ала ма?

Ертең жерлесіміз, Олимпиадасы және әлем чемпионы Данияр Елеусінов АҚШ-тың Бостон қаласында кәсіпқой бокстағы төртінші жекпе-жегін өткізеді.

Деметриус Андраде мен намибиялық Уолтер Каутондоква андеркартында өтетін айқаста Даниярдың қарсыласы — америкалық Мэтт Доэрти болмақ. Азулы қарсылас деп айта алмайсың. 2015 жылдан бері кәсіпқой бокста жүрген 30 жасар Доэрти бүгінге дейін 14 жекпе-жек өткізіп, соның 8-інде ғана жеңіске жетіпті. Бесеуінде жеңілген, біреуінде тең түскен. Бірақ, ешқашан нокаут алып көрмепті.

Сонымен, 6 раундқа жоспарланған айқаста жерлесімізден не күтуге болады? Даниярдың ағасы, бүгінде кәсіпқой бокста қарсыластарын қоғадай жапырып жүрген Дәурен Елеусіновтің пікірін білген едік.

– Мен Даниярға дәл қазіргі кезде кішкене әлсіздеу қарсыластар қалар едім. Өйткені, әр жеңіс, әр нокаут боксшыға үлкен сенімділік әкеледі. Мұны промоутері Эдди Хирн да жақсы түсінеді. Себебі, ол Даниярда осылайша үлкен чемпиондық айқастарға дайындап жатыр. Әлбетте, оның салмағында Кит Турман, Эррол Спенс, Теренс Кроуфорд сынды мықтылар көп. Бірақ, мен Даниярға сенемін, – деді Дәурен Елеусінов.

Жекпе-жекті тікелей эфирден “Хабар” телеарнасы көрсетеді. Сондықтан, таңәлекеуіммен сағат 6:00-де “Хабар” арнасын қосыңыздар.

Leave a Reply