Екі шоумен қосылса, клоундарың жайында қалады

Тамыздың 18-інен 19-ына ауған түні Солтүстік Ирландия астанасында алыптар Тайсон Фьюри мен италиялық Франческо Пьянета жекпе-жек өткізеді. Бүгін боксшылар салмақ өлшеу рәсімін өткізді. Дегенмен, жанкүйерлер боксшылардың салмағын білу үшін емес, Белфастқа арнайы келген Деонтей Уайлдер мен Фьюридің текетіресін қызықтау үшін жиналды.

Белфастта бүгін салмақ өлшеу рәсімі өтіп жатқан. Алдымен таразыға Тайсон Фьюри тұрып, 117 келіні көрсетті. Сол-ақ екен, залдың арғы бетінен айқайлап Деонтей Уайлдер жетіп келді. Әлбетте, бұл ұйымдастырушылардың алдын-ала мың ойластырған сценариі болуы ғажап емес. Бірақ, жанкүйерлер енді не болады екен десіп, қызықтап қарап қалды. Ал Уайлдердың британдық қонақжайлықпен Тайсонның әкесі Джон Фьюри қол беріп, қарсы алды да, америкалықпен ерегісе кетті. Тіпті, жұдырығын да сілтеп қалғысы келді. Алайда, күзет қызметкерлері жаттықтырушыны ұстап тұрды. Осылайша бір-бірінің бағытына былапыт сөздер айтып, салмақ өлшеу рәсімін шоуға айналдырған қос тарап журналистерге де материал тауып берді, көрермендерді де қызыққа бөледі.

Иә, мұның барлығы промоутерлердің алдын-ала келістіріп қойған сценариі екені рас. Қоқиланғанымен Джон да америкалық алыппен төбелесе кетпес еді, Деонтейдің де қырылып кетпесі түсінікті болатын. Бұл Уайлдер мен Фьюридің жылдың соңына жоспарланған жекпе-жегін жарнамалау үшін жасалған нәрсе.

Соған қарағанда биыл жыл соңына дейін екі алып ақыры бір-бірімен төбелесіп тынатын секілді. Ал олардың бокс әлеміндегі нөмірі бірінші шоумен екендіктері әмбеге аян. Айқас басталғанша әлі талай шоу көретін секілдіміз. Фьюридің Пьянетамен болатын кездесуі кезінде де Уайлдер шаршы алаңға атып шығып, жекпе-жекті қақ ортасынан бұзып жіберсе де таңғалмаймыз. Солай болатын да секілді. Тек тым асыра сілтеп, шаршы алаңды цирк аренасына айналдырып жібермесе болғаны. Әйтпесе, екі шоумен қосылса, клоундарың жайында қалатынын бәріміз де жақсы білеміз.

Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз. Италиялық боксшының салмағы таразыда 115 келіні көрсетті. Ол да бұл рәсімге өз шоуын арнап келген екен. Салмақ өлшеуден кейін қолынан смартфонын шығарды да, Фьюримен селфи жасады.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.