Джошуа VS Паркер – Төрт белбеу кімге бұйырады?

Осы сенбі күні Уэльс астанасы Кардиффте ағылшын Энтони Джошуа мен жаңа зеландиялық Джозеф Паркер айқасады. Бұл наурыз айының ғана емес, 2018 жылдың да басты жекпе-жегі болуы мүмкін.

Кардиффте керілген шаршы алаңға жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген қос боксшы ағылшын Энтони Джошуа мен жаңа зеландиялық Джозеф Паркер шығады. 26 жастағы Паркер кәсіпқой бокста 24 айқас өткізіп, барлығын ұтқан. 18 қарсыласын нокаутқа түсірген.

Энтони Джошуа (Англия, 20-0-0, 20 KO) – Джозеф Паркер (Жаңа Зеландия, 24-0-0, 18 KO)

Ал 2012 жылы өз отанында өткен Олимпиада ойындарында чемпион атанғаннан кейін бірден кәсіпқой боксқа ауысып кеткен Джошуа 20 рет шаршы алаңға шығып, барлығында қарсыласын құлатқан. Жекпе-жекте Деонтей Уайлдерге тиесілі WBC белбеуінен басқа атақтардың барлығы сарапқа салынады. Жаңа зеландиялық боксшы бәске өзінің WBO белбеуін тігіп отыр. Ал Энтони WBA Super, IBF және ІВО белбеулерін ортаға шығармақ.

Екі алып соңғы финалдық баспасөз мәслихатын да өткізді. «Дайындығымыз жақсы болды. Енді жекпе-жекті тағатсыздана күтіп жүрмін. Әлбетте, Джошуаны құрметтеймін. Алайда, барлық чемпиондық белбеулерді Жаңа Зеландияға алып кетуге дайынмын, – деді Паркер.

Энтонидің де пікірі осы тектес болды. Тек соңында «нокаутпен жеңіп, жанкүйерлерімді қуантамын» деп қосып қойғаны болмаса, екеуі өзара келісіп қойғандай, бір-біріне құрметпен сөйледі.

Расымен де кім ұтуы мүмкін? Екеуі де бұрын-соңды жеңіліп көрмеген боксшылар. Дегенмен, «көз атысқанда» байқадық, Энтони еңселірек көрінді. Қолы да ұзын екен. Көпшілік мамандар қазір-ақ жеңісті Джошуаға беріп қойды. Біздің де пікіріміз осындай. Бірақ, нокаут бола ма? Міне, басты сұрақ осы болып тұр.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.