Джошуа неліктен Уайлдердің орнына Поветкинді таңдады? Үш себеп

Аса ауыр салмақтың қос үздігі Энтони Джошуа мен Деонтей Уайлдердің айқасын биыл көре алмайтын секілдіміз. Британдық боксшы келесі қарсылас ретінде Александр Поветкинді таңдаған сияқты. Ал Уайлдерді келесі жылдың сәуіріне қалдырып отыр. Неліктен? Біз үш себебін тізген едік.

Бірінші себеп. Қорқақтық

Бірден айта кетейік, Джошуаны қорқып тұр дегіміз келмейді. Гәп оның промоутері Эдди Хирнда болып тұр. Шыны керек, Хирн өз шәкіртін дәл қазір Уайлдерге қарсы қойғысы келмейтін секілді. Олай дейтініміз, америкалық боксшы Джошуамен болатын жекпе-жек үшін Британияға да баруға дайын екендігін айтқанымен Эдди Хирн сылтау тауып, кездесуден тайқып кетті. Оның үстіне, америкалық алыптың соңғы айқастары расымен де оның нағыз бабында екендігін көрсетті. Яғни, дәл қазір Энтони ұтылып та қалуы мүмкін. Сондықтан, келесі жылдың сәуіріне дейін Поветкинмен жұдырықтасып, аз-кем ақша тауып, сосын ғана Деонтеймен кездестіргісі келетін сияқты.

Екінші себеп. Телеарналар қайшылығы

Деонтей Уайлдер Showtime телеарнасының серіктесі. Басқа арналарда жұдырықтаса алмайды. Ал Хирн биыл жылдың басында DAZN компаниясымен бірнеше жылға пәленбай миллионға келісімшартқа отырған. Сол келісім бойынша Хирн әлгі арна үшін жылына 32 бокс шоуын ұйымдастырып тұруы тиіс. Эддидің Уайлдердің промоутері Эл Хэймонмен келісе алмауы да сондықтан болуы мүмкін. Өйткені, Хирн бұл жекпе-жекті тек өзінің серіктес арнасы арқылы ғана көрсетуді қалайды.

Үшінші себеп. Жарнама

Жарнама, яғни ақша. Негізі, бұл жекпе-жек ертең өтсе де, аз табыс әкелмейді. Тіпті, Головкин мен Альварес арасындағы айқастың табысынан да артық пайда түсуі мүмкін. Мәселен, егер жекпе-жек Британияда өтсе, онда Уайлдер кемі 15 миллион евро кепілді түрде сыйақы алады. Бұл Хирннің сөзі. Ал АҚШ-та ұйымдастырылса, Джошуа 50 миллион доллар табады. Бұл Уайлдердің сөзі. Демек, мұнда ешкім де ақшадан ұтылмайды. Дегенмен, жарнамасын жасап, тағы да соза түссе, бұдан да көп пайда түсуі ғажап емес. Сол үшін де Эдди Хирн америкалық боксшының көңілін табу үшін «келесі кездесуіңде кіммен жұдырықтассаң да, өз қалтамнан 5 миллион доллар төлеймін. Тек сәуірге дейін күт» деп отыр. Демек, сәуірде пайданың бұдан да көп түсетін болғаны ғой.

Неде болса, Энтони Джошуа 22 қыркүйекте ресейлік Александр Поветкинмен айқасып, WBA  белбеуін қорғамақ. Ал Уайлдердің келесі қарсыласы шамамен өзінің отандасы Доминик Бриззил болатын сияқты.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.