Дигейл мен Юбенк желтоқсанда төбелесе ме?

Супер орта салмақ дәрежесіндегі британиялық қос мықты Джеймс Дигейл мен Крис Юбенк желтоқсан айында Лондонде өзара жекпе-жек өткізуі мүмкін.

Дигейл мен Юбенктің жекпе-жегі әбден пісті. Қос тарап бұл айқасты сонау 2015 жылдан бері жоспарлап келген болатын. Баспасөз беттерінде бір-бірі жайлы небір иттік сөздер айтып, шоуды қыздыра түсті. «Сен, күшік, менімен төбелесуге шамаң жетпейді. Саған әлі ерте», – деп Джеймс жекпе-жек отын тұтандырса, «мен сенің қалған тістеріңді сындырам», – деп Крис те қарап қалмаған. Ал оның алдында, сонау 2012 жылы екеуі спаррингте кездесіп, Дигейл бір-екі рет Юбенкті бүктеп тастаған деседі сол жаттығуда болғандар.

Айта кетейік, карьерасында 29 айқас өткізген кіші Юбенк соның екеуінде жеңіліске ұшыраған екен. Қалған 27 кездесуде жеңіске жетіп, 21 қарсыласын нокаутпен ұтыпты. Ал қарсыласына қарағанда кәсіпқой бокстағы карьерасын үш жылға ерте, яғни 2009 жылдың ақпанында бастаған Джеймс Дигейл бүгінге дейін 28 жекпе-жек өткізіп, екеуінде ұтылып, біреуінде тең түскен. Қалған 25 айқаста жеңіске жетіп, 15 қарсыласын нокаутпен жеңген.

Биылдыққа екеуі де екі жекпе-жектен өткізген. Дигейл екеуінде де жеңіске жетсе, Крис Юбенк біреуінде ұтылып қалған.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.