Дербісектен шыққан дарабоз немесе Бекмен Сойлыбаев неліктен “халық жауының” ұрпағы

Кәсіпқой боксқа ауысқалы БАҚ өкілдеріне талай сұхбат бергенімен осы күнге дейін ешбір журналист оның туып-өскен жері, балалық шағы, ауылдастары жайлы сұрамапты. Осы олқылықтың орнын толтыру ниетінде Дербісектен шыққан дарабозды әңгімеге тартып, біраз сырласқан едік.

Дербісектен шыққан дарабоз

– Бекман, бүгінде жаттығуларыңызды Астанада өткізіп жүргеніңізді білеміз. Ауылға қашан келесіз?

– Әлбетте, ауылымды, бала кездегі достарымды сағындым. Алайда, әзірге жақын уақытта ол жаққа жол түспей тұр. Қазір Астанада жаттығып жүрмін. Бұйыртса, кәсіпқой бокстағы келесі жекпе-жегімді өткізу үшін жақында Америкаға жол жүремін. Екінші жартылай жеңіл салмақтағы WBC International чемпиондық белбеуімді қорғауым керек. Сол сапардан оралғаннан кейін ауылға барып, туған-туыс, дос-жарандарыммен амандасып қайтсам деймін.

– Өзіңіздің туған ауылыңыз Дербісек жайлы кеңірек айтып берсеңіз. Жалпы, ауылдан неше жасыңызда кеттіңіз?

– Дербісекте әртүрлі шаруа қожалықтары көп. Бүгінде халқы 10 мыңнан асқан үлкен ауылдық округке айналды. Бір емес, ауылымызда төрт мектеп бар. Бізден ары тағы 7 шақырым жүрсең алдыңнан Өзбекстанның шекарасы шығады. Сондықтан, бір жағынан еліміз үшін стратегиялық маңызы бар ауыл. Өзім мектеп бітіргенше ауылда өстім. Сондағы Талғат Бигелдинов атындағы №31-ші орта мектебінде білім алдым. 2008 жылы Алматыға кетіп, содан бері ауылға баруым сиреп кетті.

– Бокспен де айналысуды ауылда бастадыңыз ғой?

– Нағыз қазақы орта болған соң ауылдастардың бәрі ағайының болып шығады ғой. Бірімен әкең жағыңнан қаның бір, бірі шешең жағынан туысқан. Руластар көп. Бәрі ағайын. Менің де ағаларым көп болды. Кішкентаймын ғой, басында соларға ілесіп, аулада турникке тартылатынбыз, жүгіретінбіз, секіретінбіз, әйтеуір кинодан көрген жаттығуларымыздың барлығын өз бетімізше жасап жүрдік. Бесінші сыныпта әкем бокс үйірмесіне ертіп апарған. Бала көп екен, мені қабылдаған жоқ. Ертесі күні бірден күреске жазылдым. Алтыншы сыныпты бітіргенше бозкілемде жаттығып жүрдім. Бірақ кейін күрес залы жабылып қалды. Қайта бокс үйірмесінде орын бар екен, бірден қабылдандым. Содан бері қолымнан былғары қолғабымды шешкен емеспін.

Боксшының жақсысы – бапкерінен

– Ең бірінші турниріңіз есіңізде ме?

– Бірінші күні-ақ бапкерім Марат Ахметов, «дайындал, арғы күні Сарыағашқа барамыз. Турнир бар» деді. Салмағым небәрі 32 келі. Бір күнде екі баламен жұдырықтасып, екеуінде жеңдім де, бірінші орын алдым. Одан кейін көп ұзамай Шымкентте шағын турнир өтіп, ол жақта да бірінші орынды еншіледім. Әйтеуір, жарыстар көп болатын. Бокс бір жағынан сонысымен де ұнады. Ағаларым қайрап-қайрап жібереді, намысқа тырысып, шаршы алаңда барымызды салатынбыз.

– Бірінші бапкеріңіз Марат Ахметовке тоқталып өтсеңіз. Ол кісі әлі күнге дейін балалар жаттықтыра ма?

– Ауылда бокспен айналысып жүргенде Марат ағайымыз мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болатын. Қазір ауылда кішігірім спорт кешені ашылған. Мұғалімдіктен бөлек, сол кешенде балаларды боксқа баулып жүр. Талай бапкердің тәлімін алдық қой, Марат Ахметов тәрбиеге, адамгершілікке қатты көңіл бөлетін. Үнемі, «мен үшін сендердің бірінші кезекте адам болуларың маңызды» деп айтып отыратын. Шыдамдылыққа үйретті. Батылдыққа баулыды. Сондай-ақ, керемет психолог болатын. Рухымызды көтере білетін. Мәселен, жаттығу кездеріндегі спаррингтерде соққы тиіп, мұрнымыздан қан кеткен кездерде түріміздің бұзылып кеткенін көріп, «Неге тоқтап қалдың? Сіңбіріп таста! Бұл ештеңе емес. Әлі талай қан-жоса боласыңдар. Бәріне төзу керек», – деп қайрайтын. Ол кезде оның мұндай сөздерін басқаша қабылдайтын едік. «Адамның мұрнынан қан кетіп жатса, оның бұлай дейтіні несі», – деп іштей сыбап алатынбыз. Кейін түсіндік қой. Алматыдағы Спорт және туризм академиясына оқуға түстік. Бала кездегі жаттығуларың бір бөлек, үлкен қалада сені ешкім аямайды. Боксшылардың шеберліктері де басқаша. Кілең «қасқырлар». Ауылдан кеше ғана келген біз сияқты балаларды бірден басып тастауға тырысады. Бос белбеу болсаң, күнде таяқ жейсің. Ең бастысы, ақ майкаң қанша жерден қып-қызыл болса да, сыр бермеуің керек. Сонда бапкерімнің сол бұрынғы сөздері есіме түсетін.

– Бүгінде алғашқы бапкеріңізбен қаншалықты хабарласып тұрасыз?

– Ол кісінің жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Осындай дәрежеге жетуіме себепші болған жандардың бірі сол Марат Ахметов. Ауылға барған сайын міндетті түрде амандасып шығамын. Ол да үйіне шақырып, қонақ қылып күтеді. Алыста жүрсек те байланысымыз үзілген жоқ. Әр жекпе-жектен кейін телефоныма қоңырау шалып, міндетті түрде өз ақылын айтып тұрады. Кемшін тұстарым болса, бірден байқайды.

– Соңғы жекпе-жегіңізден кейін сізге не деді?

– Өткен жылдың қазан айында мексикалық Фернандо Варгаспен жұдырықтасқанмын. Жекпе-жектен кейін хабарласып, «Оң қолың әлі ауырып жүр ма?» деп сұрады. «Байқадым, көбінесе алдыңғы қолмен жұмыс жасап, күшке салып ұрған жоқсың. Жалпы, шаршап қалғаның болмаса, жақсы жұдырықтастың» деп қолдауын білдірді.

Болашақ чемпионның мектептегі қызықтары

– Бекман, енді мектебіңіз жайлы әңгімелессек. Озат оқушы болдыңыз ба, әлде бұзықтардың қатарынан едіңіз бе?

– Біздің мектепте бұзық бола алмайсың. Директорымыз Әбіл Жолдасов өте қатал кісі болды. Білімге талабы қатты болатын. Алғашқы сынып жетекшім өзімнің туыстас апайым болғандықтан сабақта кішкене еркелеу болдым. Кейін спортқа кірісіп кеткеннен кейін мұғалімдер де түсіністікпен қарай бастады. 11-ші сыныпты Жайна Досжанованың жетекшілігімен аяқтадым. Ол кісі де талапшыл мұғалім болатын. Қатты құрметтейтін едік, айтқанын екі етпей орындайтынбыз. Өзі ағылшын тілінің мұғалімі. Сондықтан, бұзық болған жоқпыз. Біздікі балалық еркелік қой.

– Мектеп кезінде есіңізде қалған ең қызық сәттеріңізді айтып берсеңіз.

– Жетінші сыныпқа дейін біз қыздар бөлек, ұлдар бөлек сабақ оқыдық. Сол кезеңдері әр мектептің өзіндік тәжірибелері болатын еді ғой. Бізде де тура біздің сыныпқа солай эксперимент жасаған екен. Кейін ұлдар мен қыздар бірге оқи бастағанда бастапқыда өте ыңғайсыз болды. Олардың алдында артық қимыл жасауға ұялатын едік. Оның үстіне, сабақта қыздар мұғалімнің сұрақтарына тақылдап жауап беріп отыратын. Біз жауабын біліп отырсақ та, сөйлеуге ұялып, қысылып жүрдік. Соларға қарап аузымыз ашылып отыратын едік. Бір жылдан кейін үйреніп алдық қой. Сосын қыздардың парталарына сағыз жабыстырып қою, қаламның пастасын алып тастап, қағазды түкіріктеп оқ қылып ату дегендерің басталды.

Балалық шақ, ескі достар

– Жалпы, Дербісектегі балалық шағыңыз қалай өтті? Бос уақытыңызды қалай өткізетін едіңіз?

– Бақшамызда жүгері егетін едік. Күнде сабақтан келген соң бірден жалаңаяқ бақшаға қойып кетесің. Суғарасың, арам шөбін жұласың, жүйегін шығарасың, әйтеуір үйде жұмыс көп. Оның бәрін бітірмейінше әкем боксқа жібермейді. Содан сөмкемді асынып алып жаттығуға кетем. Кешке келіп балалармен асық ойнайсың, кейін есейген соң көшенің екі жағына тор іліп қойып волейбол ойнайтын болдық. Ауыл болған соң көлік онша көп жүрмейді ғой. Сигналды естіп қалсақ, дереу торды көтере қоямыз. Трактордың немесе КаМаздың гүрілін естісек, шешіп ала саламыз. Әйтеуір, түннің бір уағына дейін ұйықтамайтын едік.

– Сол бала күнгі достарыңызбен әлі күнге араласып тұратын шығарсыз?

– Иә, ешқашан байланысымыз үзілген емес. Қазір бірі Шымкентте, бірі Алматыда, бірі Астанада. Бәріміз жан-жақта жүргенімізбен хат алысып, хабарласып тұрамыз. Той-томалақтарда кездесіп, бөлек отыратын кездер де болады. 2016 жылы Астанада кәсіпқой бокс кеші өтіп, чемпиондық белбеуге таласқанымда ауылдан маған қолдау білдіріп 15 шақты досым келді. Бұл да маған сол айқаста қосымша күш берді. Олар үшін мен әлі сол бала кездегі Бекманмын.

– Ауылдан кеткеніңе 10 шақты жылдай болыпты. Кейбір таныстарыңды кездесіп қалған кезде танымай қалатын кездер де болатын шығар?

– Бір көрген адамымды ешқашан ұмытпайтын қасиетім бар. Дегенмен, мынадай қызық жағдай болған. Әуесқой бокста жүрген кезім. Ұлттық құрамаға енді шақырту алып жүрген болатынмын. Алматы қаласының маңындағы Новая Алексеевка ауылындағы ұлттық құрама базасында жаттығу өткіземіз. Менімен бөлмелес Қанат деген боксшы болды. Бір-бірімізді бұрыннан танитын адамдар сияқты жақсы әңгімелесіп кеттік. Үнемі бір жерден көргендей болып жүретінмін. Бір күні әңгімеден әңгіме шығып, өзінің кішкентай кезінде Сарығашта тұрғанын айтып қалды. «Дербісекте оқыған жоқсың ба?», – деп сұрадым бірден. «Иә, үшінші сыныпқа дейін сонда оқыдым. Менің сыныбымда Жарқынбеков Мақсат деген бала оқитын» дейді. «Е, бәсе, қайдан көрдім десем, екеуміз бірге оқыған екенбіз ғой» деп жатырмын. Сөйтсем, бастауыш сыныптарда бізбен бірге оқып, үшінші сыныпта көшіп кеткен екен. Осылай араға талай жыл салып, екеуміз бір жиында қайта кездестік.

«Теледидарда дәу, өмірде кішкентай»

– Соңғы рет ауылға қашан барған едіңіз?

– Өткен жылы атамның асын берген едік. Сол кезде екі күнге ауылға барып қайтқанмын. Бірақ ешкіммен кездесе алмадым. Асығыстау болды. Оның үстіне, ауылда бір апта жатып қойсаң, бабыңды жоғалтып аласың. Еттің ортасы ғой. Алдыңа бір табақ ет қойғанда қалай қарап отырасың? Жемесең тағы ұят. Сөйтіп, әр жерден бір реттен ауыз тигеннің өзінде төрт-бес келі артық салмақ жинап аласың. Ал әке-шешем Астанаға немерелерін иіске кету үшін келіп тұрады. Биыл бұйыртса, өзім де барып, біраз демалып қайтсам деп отырмын.

– Халық қанша көп болғанымен чемпиондар тасып жатпаған шығар. Ауылда сізді бәрі таниды ғой?

– Бекман Сойлыбаевты біледі, әрине. Дегенмен, түрімді көрмеген, жеке таныс емес адамдар да бар ғой. Бір күні ауылға бара жатқанда Сарыағаштан таксиге отырғанмын. Әңгімешіл кісі екен. «Кімнің баласысың?», – деп сұрап жатыр. «Беркіннің баласымын» деп қоям. Сөйтсем, әкем жағынан туыс екенбіз. «Қай баласысың, Астанадағы ма, әлде Алматыдағы ма?», – деп әңгімеге тартып отыр. Үлкен кісі сұрақ қойғанда әдеп бойынша міндетті түрде жауап беруің керек. Әйтеуір, әңгімеге араласып отырмын. «Анау боксшы бала жүр ма? Кім еді есімі», – деп қояды. «Ол мен ғой, аға», – десем бетіме таңғалып бір қарады да, шымкентше «айналайын» деп бір боқтап алып, «Теледидарда дәу көрінесің, кіп-кішкентай екенсің ғой» деп басын шайқады. Осындай да қызықтар болып тұрады.

Халық жауының ұрпағы

– Бекман, енді өзіңіздің отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Үйде нешеусіздер?

– Біз төрт бала болатынбыз. Ұлдардың ішіндегі кішісі менмін. Менен кейін қарындасым бар. Бірақ, ортаншы ағам 11-ші сыныпта қайтыс болған. Қазір шешем үйде, әкемнің өз шаруасы бар. Бүгінде бәрі өз орнымен. Ағамның өз отбасы бар, қарындасым тұрмыс құрған. Өзім де отау көтеріп, Алматы облысының табиғаты әсем Алакөл ауданы жағының қызына үйленгенмін. Екі жасар ұлым бар. Өзім секілді боксшы болады-ау деп отырмыз. Қазірден бейімі зор.

– Бір сұхбатыңыздан естіп қалдық, үлкен бабаңыз қол басқарған екен. Ал атаңыз Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысыпты…

– Сойлыбай бабамыз еңгезердей алып кісі болған екен. Өз заманында қол басы болып, батырлығымен аты қалған адам болған. Бірақ репрессия жылдары халық жауы деген жала жауып, өткен жылдың 30-шы жылдары ату жазасына кесілген. Атам Сағымбек Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Кішкентайымда соғыстағы ерліктерінің барлығын айтып отыратын еді. Айта берсең, олардың ерліктерін тауыса алмайсың.

– Сұхбатымыздың соңында Дербісек ауылының ерекшеліктері жайлы айтып өтсеңіз. Бекман Сойлыбаев сынды чемпионынан басқа несімен мақтана алады?

– Жалпы, Сарыағаш ауданы курортты жер ғой. Ал Дербісекке Қазақстанның әр түкпірінен суға шомылу үшін келеді. Емдік қасиеті бар су. Жердің астынан 75 градуста қайнап шығады екен. Ішсең сусының қанады. Дәмі тіл үйіреді. Қазір ауылда су өндіретін арнайы зауыт та ашылған.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.