Данияр Елеусінов Ломаченконың жолын қайталай ала ма?

Кәсіпқой боксқа 2013 жылы өткен Василий Ломаченко екінші айқасында-ақ чемпиондық атаққа таласты. Ал үшіншісінде WBO чемпиондық белбеуін жеңіп алды. Әйгілі промоутер Эдди Хирннің компаниясымен келісімшартқа отырған Данияр Елеусінов украиналықтың жолын қайталай ала ма?

Бір қарағанда екеуіне ортақ ұқсастықтар көп. Екеуі де әлем чемпионы, екеуі де Олимпиада ойындарының жеңімпазы, екеуі де Вэл Баркер кубогының иегері, екеуі де өз құрлығында чемпион атанған. Бірақ, Даниярға қарағанда «Хай-тэк» әлем мен Олимпиаданы екі реттен бағындырған. Сондай-ақ, Василий нокаутер болса, біздің боксшы техникаға иек артқанды жөн көреді. Жарайды, бұл жай ғана статистика. Дегенмен, Елеусінов кәсіпқой бокста Ломаченконың ерлігін қайталауы әбден мүмкін.

Осы келісімшарт үшін сонау Англиядан Астанаға арнайы ұшып келген Эдди Хирн кәсіпқой бокс әлемінде төңкеріс жасаған промоутерлердің бірі. Бүгінде оның атағы Англияда әккі Фрэнк Уорреннен де озып тұр. Тіпті, әлем бойынша да үздіктердің бірі. Энтони Джошуадан бастап, Дэниел Джейкобс, Тайсон Фьюрри, Келл Брук сынды жігіттерді жетелеп жүрген промоутер. Тіпті, жерлесіміз Жанат Жақияновтың бар белбеуін тартып алған Райан Барнетт те осы промоутердің боксшысы. Ал осындай боксшылары бар, осындай атағы бар промоутердің Астанаға көмекшісін жібере салмай, өзі келуі – Данияр Елеусіновке деген сенімді, құрметті көрсетсе керек. Демек, Хирн оның кәсіпқой бокстағы карьерасына үлкен сенім артып отыр. Әйтпесе, ауадан ақша жасай білетін мұндай тұлғалар ұсақ-түйекке уақытын шығын етпейді.

Енді Василий Ломаченкоға оралайық. 2013 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, Боб Аруммен келісімшарт жасасқан. Боксшының басты талабы – жылдам уақытта чемпиондық жекпе-жекке шығу болыпты. Арум Ломаченкоға екінші айқасында-ақ чемпиондық белбеуді алдына әкеліп берді. Қарсыласы да мықты еді. Орландо Салидо. Ол кезде 33 жастағы мексикалықтың да күші тасып тұрған кезі. Ломаченко жеңіліп қалды. Алайда, Салидо келісілген салмақтан асып кеткендіктен белбеу қайта иесіз қалып, үшінші айқасында украиналық панчер ақыры өзімен бірге алып кетті. Бүгінде сол белбеуді әлі ешкімге бермей ұстап жүр.

Әлбетте, Елеусіновке Эдди Хирн екінші жекпе-жегінде-ақ чемпиондық айқас ұйымдастырып бере қоймас. Алайда, әлсіз боксшыларға уақыт жұмсай бермей, бірден үздік жүздіктегі жігіттердің бірімен кездессе деген тілек бар. Ал чемпиондық айқасқа екі-үш жыл салып, 10-шы жекпе-жегінде шықса да кеш болмас. Шындап кіріссе, Хирн оған мұндай кездесуді ұйымдастырып бере алады. Тек оған Елеусінов дайын болса болғаны. Ары қарай бәрі Даниярдың өзіне байланысты. Қазақстанда ол жұлдыз шығар, бірақ Америкада ешкім емес. Сондықтан, бірінші ретте жерлесіміз Мұхиттың арғы жағындағы жанкүйерлерді өзіне фанат ете білуі тиіс.

Ендеше 28 сәуірді күтеміз. Бұл Эдди Хирн уәде еткен дата. Бұйыртса, жерлесіміз осы күні Нью-Йоркте дебютті жекпе-жегін өткізуі тиіс.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.