Боб Арум: Фьюри мен Шварц арасындағы жекпе-жек қызықты болады

Top Rank промоутерлік компаниясының басшысы, ауыр салмақта өнер көрсететін британдық Тайсон Фьюридің (27-0-1, 19 KOs) ісін жүргізуші Боб Арум неліктен «Сыған королінің» келесі қарсыласы германиялық белгісіз боксшы болатынын түсіндірді.

Аты аңызға айналған промоутердің сөзінше, кәсіпқой бокста жүргеніне 5 жыл болған 24 жастағы Том Шварцтың (24-0, 16 KOs) бұған дейін Тайсон Фьюри сияқты деңгейдегі қарсыласы болмаған.

Арум WorldBoxingNews-тың тілшісіне берген сұхбатында: «Біз Фьюриді жеңілістің дәмін татпаған боксшымен кездестіргіміз келді. Тайсон өте ірі жігіт болғандықтан, оның оған дене бітімі сай келмейтін боксшымен жұдырықтасқанын қаламадық. Шварцтың денесі ірі. Олардың жекпе-жегі қызықты болады. Сөзсіз, ол (Шварц) бізге сай келеді. Шарттар талқыланды. Шварц Фьюримен шаршы алаңға шығуға қуана келісті”.

BoxRec рейтингісінде Шварц «корольдік» дивизионның өкілдері арасында 42-орында. Германияда ешкімнен жеңіліп көрмеген былғары қолғап шебері супер ауыр салмақтағылардың үздік бестігін аяқтайды. Томның бойының ұзындығы – 1,97 метр болса, оның соңғы  белдесуіндегі көрсеткен салмағы – 110 келі. Шварц пен Фьюри кездесуі 15 маусымда Лас-Вегаста (АҚШ) өтеді.

 

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Thanks!

Our editors are notified.