Бивол – Баррера. Нью-Йорк төріндегі ауыр нокаут

Бүгін кәсіпқой бокст әлемінде бірнеше керемет жекпе-жектер өтті. Солардың бірі – ресейлік Дмитрий Бивол мен кубалық Салливан Баррера арасындағы айқас еді.

Жекпе-жек Биволдың жеңісімен аяқталды. Жеңіс болғанда да әдемі нокаут. Чемпиондық айқастың 12-ші раундында ресейлік боксшының күтпеген жерден бастаған сериялық шабуылына дайын болмай шыққан кубалық қабылан бұл соққыларды өткізіп алды да, жалпасынан құлады. Төреші сегізге дейін санағанша Салливан да тұрып үлгерген. Бірақ орнынан тәлтіректеп әрең қозғалғандықтан рефери жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.

Дегенмен, онсыз да Баррера жеңіліп жатқан еді. Үш төрешінің де қағазындағы сандар 109:100 есебін көрсетіп тұрды.

Ашығын айтқанда Баррера ешқашан әлемдік деңгейдегі боксшы болмаған. Рас, 2016 жылға дейін болашағынан зор үміт күттірді. Абель Санчес оны аямай мақтайтын. «Головкиннен кейінгі сүйікті шәкіртім осы» деп те қошеметтейтін. Алайда, кубалық қабылан үлкен айқастарға дайын болмай шықты. Бір жыл бойы шаршы алаңға шықпаған Андре Уордтан ұтылып қалды. Содан кейін бар кінәні Абель бапкерге артып, басқа жаттықтырушыға кетіп қалды. Дегенмен, Салливанға бір уақыт кінәні өзінен де іздеп көру қажет пе еді?..

Бұл оның кәсіпқой карьерасындағы екінші жеңілісі. Бұл жолғысы таза нокаут. Енді ол көпшілік үшін жай ғана ортанқол боксшы. Бұрынғы абыройын қайтара да алмайтын шығар. Қанша дегенмен, жасы да 36-дан асты. Ал Қырғызстанның Тоқмақ қаласында дүниеге келген Дмитрий Бивол расымен де азулы боксшы екен. Соққысы жойқын, өзіне сенімді, әр шабуылы өтімді. Қазір еншісінде WBO чемпиондық белбеуі бар. Бірақ, өз басым, Биволды Ковалев немесе Бетербиев немесе Адонис Стивенсонға қарсы шыққанын көргім келеді. Уақыты жеткен де сияқты.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.