Альвареске арналған күш Мартиросянға жұмсалды

Бүгін таңертең қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мексикалық «сары бала» Сауль Альвареспен айқасуы тиіс болатын. Оның орнына Калифорнияның төрінде керілген шаршы алаңға Ванес Мартиросян шықты. Екі-ақ раундқа созылған жекпе-жек ауыр нокаутпен аяқталды.

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінің басты айқасында Головкин мен Мартиросян кездескен. Бұл қай Мартиросян екенін бұған дейін жазғанбыз. Ресейдегі «Comedy club» шоуының негізін қалаушы Гарикпен шатастырып алмауларыңызды да сұрағанбыз. Бірақ, асыра сілтегеніміз емес, шаршы алаңда Ванестің Ресейдегі қандасынан еш айырмасы болған жоқ. Головкиннің жұдырықтасу мәнеріне сәйкес, бірінші раундты тек барлаумен өткізетінін ескерсек, Гарик Мартиросян да бұл жекпе-жекте екінші раундқа дейін шыдап берер еді. Тек жекпе-жекке келіп үлгермеген жанкүйерлерге обал. Көбісі осы кешке Генаның айқасын көруге бола билет алғаны жасырын емес. Ал кешігіп жүретіндер ол жақта да бар. Бірі өз орындарына боксшылар шаршы алаңға беттеп келе жатқан кезде отырып жатса, енді бірі бірінші раунд кезінде жайғасып жатты. Тіпті, Мартиросян құлап жатқанда көліктерін автотұраққа енді қойып жатқандары да болған шығар.

Ал жекпе-жекке келер болсақ, шаршы алаңға беттеп келе жатқанында-ақ Мартиросянның мазасыздығы сезілді. Екеуі қатар тұрғанда жерлесіміздің мысы басым екендігі де байқалды. Дегенмен, бірінші раундта Головкин мүлдем асыққан жоқ. Рас, сермеп қалған соққылары қарсыласына дөп тиіп жатты. Әйтсе де, Ванестің де көсілуіне мүмкіндік берді. Тіпті, алғашқы раундтың соңғы секундтарында армян боксшысының кенеттен ұйымдастырған сериялық соққылары Головкинді күтпеген жағдайға қалдырғаны да рас. Бірақ, бір минут тыныстап алған Triple G екінші раундта бар мәселені шешіп тастады. Алдымен апперкоттан бастап, қарсыласын қаймықтырып алды да, қос қолмен кезек құлаштап, арасында джебтерді де қосып, Мартиросянды етпетінен түсірді. Айқын.

Пойыздың астында қалып қойғандай болдым, – деп суреттеді өзінің бұл нокаутын армянның өзі.

Ал жерлесіміз үшін бұл кәсіпқой бокстағы 34-ші нокауты. Жалпы жеңістерінің саны 38-ге жетіп, тек бір кездесуде тең түскен. Екі жылдық үзілістен кейін шаршы алаңға қайта оралып, 41-ші айқасын өткізген Ванес бірінші рет нокаутпен ұтылып отыр. Жалпы, 36 жекпе-жекте жеңіске жетіп, 21 қарсыласын нокаутқа түсірген боксшы екен.

Енді Головкиннің келесі қарсыласы кім болмақ? Қыркүйек айында Альвареспен айқаса ма, әлде, Сондерсті уысына түсіре ме? Жоқ, әлде IBF-тің ығына жығылып, украиналық Сергей Деревянченкомен жұдырықтаса ма? Мұны уақыттың еншісіне қалдырайық. Дегенмен, дәл бүгін Геннадийдің Мартиросянға емес, Канелоға дайындалғаны көрініп тұрды. Нағыз бабында екен. Залдан шықпай жаттыққаны көрініп тұр. Альваресті жеңгісі келгені анық. Сол күшінің мексикалық «сары балаға» емес, ешкімге белгісіз Мартиросянға жұмсағаны обал. Әйтсе де, қуаты сарқылмады деп үміттенейік. Бір жағынан Головкин бар күшін жұмсаған да жоқ. Бірден нокаутқа жібере салғаны да жақсы болды. Ең бастысы, жарақаттан аман.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.