Белден төмен соққы немесе Головкин енді Альвареспен айқаса ма?

Кеше Сауль Альварестің командасы баспасөз мәслихатын өткізіп, 5 мамырға жоспарланған Геннадий Головкинге қарсы қарымта жекпе-жектен ресми түрде бас тартты. Енді екеуі шаршы алаңда қайта кездесе ала ма?

Естеріңізге сала кетейік, ақпанның 17-сі мен 20-сы күндері допингтік-тексерістен өткен Канелоның қанынан кленбутерол табылып, Невада атлетикалық комиссиясы боксшыны уақытша аластатқан еді. Негізі, бұл жайлы Атлетикалық комиссияның мәжілісі 18 сәуірге жоспарланған. Бірақ, «Golden Boy» ол күнді күтіп отыруды жөн көрмеді. Кеше баспасөз мәслихатын өткізіп, 5 мамырға белгіленген жекпе-жектен бас тартты.

Соған қарағанда бұл жерде бір гәп бар сияқты. Әйтпесе, Канело бұл айқастан қашар ма еді? Ал 18 сәуірде оның допинг қабылдағаны рас болса, әлгі комиссия оны бір жылға бокстан аластатуы әбден мүмкін. Бір жыл. Бұл 2019 жылдың наурыз айы. Ал «Golden Boy» тағы да 5 мамырды таңдауы мүмкін. Демек, бұл айқас өтер болса, «Triple G» 37 жаста болады. Қайраты да қайта бастайтыны жасырын емес. Нағыз бабына енген мексикалық «сары балаға» қарсы тұру қиын болады.

Әлбетте, жекпе-жек былтырғыдай осы жылдың қыркүйегінде өтеді деп жатқандар да бар. Алайда, бұл жерлесіміздің жоспарын кейінге қалдыруы әбден мүмкін. Өйткені, әу баста Головкин 5 мамырда Альвареспен айқасып, қыркүйекте Билли Джо Сондерске қарсы кездесуде өзіне жетпей тұрған соңғы белбеуіне қол жеткізгісі келген. Қолынан жарақат алып қалған Сондерс Геннадиймен кемі шілдеге дейін кездеспейді. Сондықтан, қазір «Triple G» өзіне америкалық Деметриус Андраде, бразилиялық Ямагучи Фалькао немесе ирландиялық Гарри О’Салливан сынды өзге боксшыларға қарсы шаршы алаңға шығады-ау. Ал келесі айқасын қыркүйекте Канелоға қарсы өткізер болса, онда Сондерс тағы кейінге қалуы әбден мүмкін.

Яғни, Головкиннің алдында қиын таңдау тұр. Сондықтан, командасымен ақылдасып, «енді оған Канело қажет пе?» деген сұраққа мың толғанып, шешім қабылдауы қажет.

 

 

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.