Бекман Сойлыбаев WBA чемпионымен спарринг өткізді

Жекпе-жек Лос Анджелестегі Wild Card West бокс залының шаршы алаңында өтті. Алты раундтық жекпе-жектен кейін көрермендер боксшыларға қошемет көрсетіп, қол соғып, Куигг риза болғаны соншалық, Бекманның қолын көтерді. Түсінікті себептерге байланысты Куиггтің командасы жекпе-жектің видеосын жарияламауды сұраған.
Айта кетейік, 28 жастағы Скотт Куигг кәсіпқой бокста 35 айқас өткізіп, соның 32-інде жеңіске жеткен. Соның ішінде 24 қарсыласын нокаутқа түсірген. Екі жекпе-жекте тең түсіп, тек біреуінде ғана ұтылған. Екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBA чемпионы.
Ал бүгінде Лос Анджелесте әйгілі бапкер Эрик Браунның қарамағында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүрген Бекман Сойлыбаев бүгінге дейін кәсіпқой бокста шаршы алаңға 9 рет шығып, барлығында жеңіске жеткен. Төрт қарсыласын құлатқан. Бірінші жеңіл салмақта WBA тұжырымының Солтүстік Америка чемпионы және WBC тұжырымында Еуразия мен Мұхит аралдарының чемпиондық белбеуінің иегері.

– Әзірге жаттығу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Соңғы жекпе-жегімде жарақаттап алған қолым да жазылды. Енді шаршы алаңға шығуымды күтіп жүрмін. Қазір промоутерлерім қарсылас қарастырып жатыр. Оқу-жаттығу жиынымды аяқтап, лайықты боксшы табылған соң шаршы алаңға шығамын, – деді Бекман Сойлыбаев.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.