Бекман Сойлыбаев – Сегізінші раундта Ломаченко Педрасаны нокаутпен жеңеді

Қазақстандық боксшы, екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC international чемпиондық белбеуінің иегері Бекман Сойлыбаев желтоқсанның 8-і күні өтетін Василий Ломаченко мен Хосе Педраса арасындағы жекпе-жекке өз болжамын жасады.

Естеріңізге сала кетейік, Бекман Сойлыбаев 2017 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Василий Ломаченкомен спаррингтік жекпе-жек өткізген. Сойлыбаев алдымен сол кездесуді еске алды.

– Бұл спаррингтің мен үшін маңызы зор болды. Өз күшімді толық тексеріп, әлеуетімді бір бағамдап алдым. Василий Ломаченко – өте мықты боксшы. Екі дүркін Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогын жеңіп алған. Оның үстіне, менің салмағымда WBO чемпиондық белбеуінің иегері. Жалпы, адамгершілігі мол, жақсы жігіт екен, – деді «Даймонд ринг» боксшысы.

– Сол спарринг кезінде украиналық «Хай-тектің» қандай әлсіз тұстарын байқадыңыз?

– Жаттығу кезінде ешкім өзінің әлсіз тұсын көрсетпейді ғой. Бір жағынан, мықтылығын да байқатпайды. Сондықтан, сол спарринг кезінде Ломаченко маған қарсы өзінің барлық техникалық арсеналын пайдаланды деп ойламаймын. Бірақ, төбелесуге болады екен. Алдағы уақытта чемпиондық айқаста тағы бір жұдырық түйістіруге қарсы болмас едім.

– Ал Ломаченко мен Педрасаның жекпе-жегіне қандай болжамыңыз бар?

– Екеуін де жақсы білемін. Болашақ потенциалды қарсыластарым болғандықтан карьераларын бақылап жүремін. Алдағы айқасты да қарауға тырысамын. Айқас аңдысып басталғанымен бар қызықты жекпе-жектің екінші жартысында көреміз. Алайда, өзім Ломаченконың жеңісіне бәс тігемін. Украиналық боксшы жеңіске жетуі тиіс. Бәлкім, нокаут болатын шығар. Жекпе-жектің қанша раундқа созылатынын тап басым айта алмаймын. Дегенмен, 8-ші немесе 9-шы раундта бәрі шешілуі тиіс. Бір жағынан пуэрто-риколықты да менсінбеуге болмайды. Соққыны жақсы көтере алады.

Айта кетейік, WBA super және WBO чемпиондық белбеулері үшін өтетін айқасты Қазақстанда тікелей эфирден «Хабар» телеарнасы көрсетеді. Трансляцияның басталуы – желтоқсанның 9-ы, таңғы сағат 8:00.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.