Бекман Сойлыбаев – Қазақстаннан екенімді айтқан едім, Де Ла Хойя елең ете қалды

Екінші жеңіл салмақ дәрежесінде WBC тұжырымының Еуразия және Мұхит аралдары аймағының чемпионы, сондай-ақ, WBA тұжырымының Америка чемпионы Бекман Сойлыбаев өзінің кәсіпқой бокстағы келесі жекпе-жегін 10 наурыз күні АҚШ-тың Тустин қаласында өткізеді. Бүгінде Лос-Анджелесте жаттығу жасап жүрген Бекманмен хабарласып, дайындығы жайлы сұраған едік.

– Бекман, алдағы қарсыласыңыз мексикалық Марио Антонио Масиас кәсіпқой шаршы алаңда 50 айқас өткізген, кезінде чемпиондық белбеулерге таласқан тәжірибелі боксшы көрінеді. Жекпе-жек алдында қорқыныш жоқ па?

– Негізі Масиасқа қарсы дайындалып жүргенмін. Әлсіз және мықты жақтарын зерттей бастағанбыз. Бірақ соңғы сәтте қарсыласымың ауысатындығы белгілі болды. Әзірге кіммен жұдырықтасатындығымды айта алмаймын. Ол да тәжірибелі, шебер боксшы болуы тиіс. Неде болса, алдағы жекпе-жегім сегіз раундтан тұрады. Бірақ, менің чемпиондық белбеулерім сарапқа салынбайды. Чемпиондық атақтарымды одан кейінгі айқастарда қорғаймын.

– Өткен жылы мамыр айында Астанада өткізген жекпе-жегіңізде қолыңызды жарақаттап алған едіңіз. Қазір толық айықтыңыз ба? Жалпы, бір жылға жуық уақыттан кейін өзіңізді қалай сезінесіз?

– Қолым қазір ауырмайды. Толық жазылдым. Жекпе-жектерге дайынмын. Негізі, бір жыл бос жүрген жоқпын. Жеке бапкерім Бауыржан Ізтілеуовпен бірге Астанада үнемі жаттығу өткізіп, бабымызды сақтауға зор көңіл бөлдік. Сондай қиын кезеңдерде бар көмегін промоутерлерім де аяған жоқ.

– Енді Лос-Анджелестегі қазіргі жаттығуыңыз қалай өтіп жатыр?

– Осында Wild Card West бокс залындамыз. Мұндағы жаттықтырушым Эрик Браун. Көбіне физикалық дайындыға көңіл бөледі. Күнделікті өміріміз жаттығумен басталады. Спарринг те өткізіп тұрамыз. Мықтылардан WBA тұжырымындағы әлем чемпионы Скотт Куиггпен шаршы алаңда жұдырықтастық. Видеоға түсіріп алғанбыз. Бірақ Куиггтің командасы еш жерде жарияламауымызды сұрады.

– Өткенде Оскар Де Ла Хойямен кездесіпсіз. Ол сізге кеңестерін айтты ма?

– Негізі боксқа байланысты басқа шаруаларымен келген екен. Жаттығуымызды сырттай біраз бақылады. Содан кейін бапкерім Эрик Браун екеумізді таныстырып, менің Қазақстаннан екендігімді айтқан еді, елең ете қалды. Біздің елді жақсы біледі ғой.

– Головкин мен Сауль Канело Альварестің текетіресі жайлы сұрай салмадыңыз ба?

– Ондай жерде айтылатын әңгіме емес қой. Ұзағырақ сөйлесетін мүмкіндік те болмады. Тек алдағы айқастарыма сәттілік тілеп, жаттығуыңа ризамын дегендей, бас бармағын көрсетіп кетті.

– Бекман, жалпы Лос-Анджелесте жаттығудан тыс уақытыңызды қалай өткізіп жатырсыз?

– Шынын айтқанда бос уақыт көп бола бермейді. Дегенмен, ара-тұра қыдырып қайтамыз. Басында келгенде осында жүрген біраз қазақстандық басқа жігіттермен жолығып, бокс кешін тамашалап қайттық. Жалпы, қолымыз жаттығудан қалт ете қалғанда қазақша әндер тыңдап, кітап оқуға тырысамыз.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.