Бейбіт Шүменов WBA чемпионы атанды

Елордамыздың «Барыс-Арена» кешенінде өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық Бейбіт Шүменов түрік Хизни Алтункаяны техникалық нокаутпен жеңіп, WBA тұжырымы бойынша ауыр салмақ дәрежесінің чемпионы атанды.

WBA рейтингінде жерлесіміз бұған дейін екінші орында тұрған. Қарсыласы 3-ші орында болатын. Сондықтан, чемпиондық атақты дәл осы екі боксшының сарапқа салуы заңдылық. Ал жекпе-жек бірден шабуылмен басталды. Бар болғаны жарты-ақ минут бір-бірін зерттеген боксшылар көп ұзамай шаршы алаң ортасына таласты бастап кетті. Бірақ, Алтункаяның іші өте әлсіз екен. Соққы алмасу кезінде бауырдан тиген жәй соққының өзінен бүктетіліп отырып қалды. Әйтседе, орнынан көтеріле алды. Тек Шүменов қойсын ба, қарсыласын бауырдан соға берді. Ақыр соңында 9-шы раундта тағы да нокдаун алған түрік боксшысы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартып, жеңісті бере салды.

Дегенмен, Бейбіттің өзі бұл жеңіске аса көңілі толмайтындай көрінді. Әлі де кемшілігі барын жасырмады.

– Командаммен ақылдасып, қай жерден қателік жібердім, қандай кемшіліктерім болды, соның барлығын сараптауымыз керек. Келесі қарсылас жайлы да ойлануымыз қажет. Ал қарсылас өте ыңғайсыз болып шықты. Оны көбірек алға шабуылдайды деп күткен едік. Бастапқы раундтарда шегінуі көп болды, – деді Шүменов.

Сонымен, кәсіпқой боксқа екі жылдан кейінгі үзілістен кейін қайта оралған Шүменов өзінің жиырмасыншы айқасында жеңіске жетіп отыр. 18 жекпе-жегінде жеңіске жетіп, 12 қарсыласын нокаутпен ұтқан. Екеуінде жеңілістің кермек дәмін татқан. Ал Хизни Алтункая 32 кездесуінің екіншісінде ұтылып отыр. Айтпақшы, айта кетейік, бұл салмақта WBA Super чемпионы ресейлік Мурат Гассиев.

Leave a Reply