Қанат Ислам шаршы алаңға қашан шығады?

Өткен жылдың қыркүйегінде канадалық Брендон Кукты құлатқаннан кейін Қанат Исламды шаршы алаңнан әлі көрген жоқпыз. Қайда? Кіммен? Қашан жекпе-жекке шығады деген сұраққа жауап іздеп көрсек.

30-дан асқан боксшы үшін сегіз ай жұдырықтаспау дегенің әжептеуір уақыт. Ал егер сенің көздегенің расымен де чемпиондық белбеу болса, онда бір сәтке де кідіруге болмайды.

Өткен жылдың соңында жерлесімізге WBA чемпиондығының есігі айқара ашылған. Нақты айтар болсақ, осы тұжырым бойынша бірінші орта салмақтың рейтингін бастап тұрған Қанатты WBA екінші орындағы америкалық Джон Верамен жұдырықтасуға міндеттеген. Бірақ, белгісіз себептерге байланысты жекпе-жекті сол күйі көре алмадық. Кейін Вера франциялық Мишель Сородан жеңілді. Ал Қанат рейтингте екінші орынға түсіп қалды.

Одан кейін ақпан айында үлкен жаңалық естідік. Василий Ломаченко, Сергей Ковалев сынды саңлақтардың карьерасын сәтті жасаған әйгілі менеджер Эгис Климас біздің Қанат Исламды да қанатының астына алды. Енді боксшы бірден ірі жекпе-жектерге шығып, Чарлоны да, Лараны да шаршы алаңға шақырады деп ойлағанбыз. Бірақ, содан бері үш айдың жүзі болды. Батырымыздың қашан, қайда, кіммен айқасатыны әлі нақты белгісіз.

– Ол шаршы алаңға өткен жылдың қыркүйегінен бері әлі шыққан жоқ. Бұл өте көп уақыт. Негізі бір жылда бес жекпе-жектен өткізуі керек. Чемпиондармен айқасатын кезі келді, – деді бұл жайлы Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко.

Әйтсе де, Қанат бүгінде Калифорнияда жаттығып жүр. Келесі айда шаршы алаңға шығады деген сыбыс бар. Қарсыласы жапониялық Йошихиро Камегаи болуы мүмкін екен. Соңғы айқасын былтыр тамызда өткізіп, пуэрто-риколық Мигель Коттодан жеңіліп қалған. Бокс әлемінде аз да болса беделі бар. Boxrec рейтингінде жоғарыда аталған Джон Верадан әлдеқайда жоғары тұр.

Енді осы ақпараттың расталып, айқастың нақты бекітілгенін күтеміз. Шынымызды айтсақ, Қанаттың жекпе-жектерін сағындық.

If you have found a spelling error, please, notify us by selecting that text and pressing Ctrl+Enter.

Leave a Reply

Thanks!

Our editors are notified.